СЕГІЗ СЕРІНІҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛЫП КОНЦЕРТ ӨТТІ
«Астана» концерт залында әнші, ақын, сазгер Мұхамедқанапия (Сегіз сері) Баһрамұлының 200 жылдығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті. Шарада Сегіз серінің «Қарғам-ау», «Ғайни», «Илигай», «Наз қоңыр» сынды әндері мен күйлері орындалды. Кеште Халық әртісі Бибігүл Төлегенова бастаған таланттар өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламаны тамашалауға жиналған қауымның арасында Қуаныш Сұлтанов, Абай Тасболатов, Кәрібай Мұсырман, Омархан Өксікбаев, Шавқат Өтемісов және Тұрғын Сыздықов сынды ел қалаулылары мен Серік Негимов, Несіпбек Айтұлы секілді басқа да зиялы қауым өкілдері болды.
Кешті күйші, композитор, өнер зерттеушісі Қайыржан Мақанов жүргізді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Жақсыкелді Маясаров Сегіз серінің әні «Ғайни» әнін орындаса, республикалық байқаулардың лауреаты Жалғас Сұлтан «Әйкен-ай» әнін нақышына келтіре шырқады. Ал, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы Данияр Мұқан «Қарғам-ауды» орындаса, жыршылар байқауының бас жүлдегері Айнұр Қонысбаева «Ақерке» әнін шырқады. Кеште «Ақбақай» да орындалды. Бұл әнді көрерменге мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаева жеткізді. Өзге де өнерпаздар серінің әнін сызылта салып, залдағы жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жатты.Сегіздің басқа да әндерін орындаған өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына кенелді. Сахнаға Бибігүл Төлегенова шыққанда өнерсүйер қауым орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Осы ретте Сегіз сері туралы арнайы сөз қозғағанды жөн санап отырмыз.
«Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай», – деп басталатын әйгілі «Гауһартас» әнін көпшілік жақсы біледі. Бұл – жазушы Дулат Исабековке көркем шығарма жазуға сеп болған, шабыттандырған, қанаттырған ән. Қазақтың алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің көңіл түкпіріндегі сағынышын басқан, Ұла далаға деген махаббатын еселей түскен туынды.
Гауһартастың қаншалықты бағалы екенін біз айтпай-ақ қояйық. Бірақ, халық мұрасына айналған қазына өмірге қалай келді? Ол кімге арналды? Қай жерде шықты? Міне, мәселе қайда жатыр.
Ән тарихын зерттеген мамандар бұл өлеңді Сегіз серінікі екенін айтады. Бұл кісі әрі батыр, әрі ақын, әрі композитор болған өз заманының озық ойлы адамдарының бірі еді. Ол жайында Бексұлтан Нұржекеұлы: «Сегіз 1818 – барыс жылында наурыз айында туып, отыз жеті мүшел жасында қайтыс болған. Аз жасаса да, алыптың ісін атқарып кеткен адам. Ол алғаш әні «Назқоңырды» Мүкарама сұлуға арнап 15-16 жасында шығарған. Өзінің өлеңдері мен замандастарының айтуына қарағанда, оған Сегіз сері деген ат өте ерте қойылған. Ол он жасында Омбы медресесіне барып, онда алты жыл оқыған. Орысшаны оқытушы жалдап үйренген. Мен атақты батырлардың, әйгілі адамдардың ұрпағымын деген ұғым оны бала кезінен баулыған. Сондықтан ол өзінің жүріс-тұрысына, ісі мен сөзіне жас кезінен жауапкершілікпен қараған. Соның нәтижесінде Омбыдағы медреседе оқығанға дейін-ақ ол домбыра шертіп, қобыз тартып, садақ атып, найза түйреп үйренген. Батыр бабаларына ұқсап киініп, бес қаруын асынып жүретін болған. Сондықтан оған «Сегіз жасар сері», «Сегіз қырлы, бір сырлы бала» деген сөздің екеуі де жарасымды еді. Мұхаммед-Қанафия атының айтылмай, Сегіз сері деген атау оған ерте берілуі осы екі сөздің бір арнада тоғысуынан да болған шығар деп ойлаймыз. Өйткені, ол медресе қабырғасында жүргенде-ақ солай аталған» деген ойын білдіреді. Жазушының «Айқын» газетінде жарық көрген осы мақаласында оның әкесі Баһрам жайында көп айтыла бермейтіні тілге тиек етіледі. Дегенмен, баласының атын Мұхаммед-Қанафия деп қоюына қарағанда, өзіндік білімі бар, ата жолын ардақтаған азамат екені көрініп тұр. Атасы Шақшақ та батыр болған. Оның Қаншайым деген қызынан әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің анасы туған. Демек, Сегіз сері – Ғабеңнің нағашы жұрты. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Ерлігін Исатайдың жырға қосқан», Нәбиден Әбутәлиевтің «Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов», тарих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Алдамжардың «Тарих: пайым мен тағылым» атты еңбектерінде Сегіз серінің атасы Шақшақтың шешесі Ақбота әйгілі Сырым батырдың туған апасы деген мәлімет келтіріледі. Демек, ол да Даттың қызы. Бұл деректерге қарағанда Сегіз сері өзін «атақты батырлар мен әйгілі адамдардың ұрпағымын» деуі заңдылық.
Әңгіменің ауанын «Гауһартас» әніне қайта бұрайық. Сегіз сері Баһрамұлы Сыр бойын мекен еткен Бақтияр деген кісінің Мақпал атты қызына ғашық болған. Оның бұл сұлуға арнап шығарған бірнеше өлеңі де бар. «Гауһартас» – соның бірі. Бұл әннің тарихын зерттеушілер оның шын ғашық болған, құлай сүйген адамның жүрегінен шыққан жыр екенін айтады. Екеуінің махаббаты тіпті, аңызға айналған. Ажары да, қылығы да көңілін баурап алған сері қызға арнап әуелі «Мақпал» атты бір ән шығарады.
«Ақша жүз, бота көзді, қасың қара, Шашыңды түнде жуып, күндіз тара. Ниязбенен екеуміз келген шақта, Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара», – дейді. Бұл Сегіздің Мақпалға жаңа ынтыққан кезінде шығарылған ән секілді. «Алып қашып кетуге келер шамам» деп, қызға өзінің түпкі ойын түгел ашады. Бұдан серінің қызды құлай сүйгенін аңғару қиын емес. Ғашық сері Мақпалға әйгілі «Гауһартас» әнін арнайды. Б.Нұржекеұлы: «Бұл ән – адам шығарды деуге қимайтын ән. Әлдебір құдірет адам түсінбейтін әсермен тудыра салғандай. Ол құдірет, әрине, ғашықтықтың құдіреті. Ауыздан шыққан сөз қандай, жүректен төгілген әуен қандай?!» – деп өз бағасын береді. Мақпал сұлудың әдемілігіне қарақалпақ Жабы деген де тәнті болып жүреді екен. «Қызыңды маған бер!» деген Жабы Бақтияр байдың әбден мазасын алады. Ақыры Дәуқара деген досымен бірге Мақпалды алып қашады. Оны естіген Сегіз сері оларды қуып жетіп, жекпе-жекке шығады. Махаббат үшін болған шайқаста Сегіз мықтылық танытады. «Маған бұйырмаған сұлу саған да бұйырмасын» деген Жабы Мақпалды садақпен атқан екен. Жебеден қатты жараланған Мақпал ауылға жетемін дегенше қайтыс болады. Бұл туралы Нұржан Наушабаевтың «Сегіз сері баһадүр» дастанында айтылған. Ол Жабы мен Дәуқара екеуін де Сегіз найзамен шаншып өлтіргенін баяндайды.
Мақаланы жазу барысында көптеген мәліметтерді пайдаландық. Тіпті, тың деректерге дейін ден қойдық. Қазақ ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ізденгенге азық боларлық тарихи деректер бар. Бүгінде Алматыда тұратын шежіреші Оразхан Сейітов деген азамат Ғылым академиясындағы тың деректерді тауып, қолжазбалардың суретке түсірілген нұсқасын жіберді. Сол жазбадан Мәди Болатұлы ел ішін аралап жүріп, Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылының тұрғыны Бекен ақсақалмен кездесіп, көптеген мәліметтер жазып алғанын аңғаруға болады. Осы кісі айтты деген бір әңгімеде Сегіз сері мен Мақпал сұлудың оқиғасы баяндалады. Тіпті, Жанкісі жырау қос ғашыққа арнап дастан шығарған.
Ел арасында «Гауһартас» халық әні деп те айтылады. Осы тұста мына бір деректерді алға тартқым келеді. Мақпалдан айырылғагн Сегіз Рысбике есімді қызбен бас қосады. Осы Рысбике апамыздың үйіне барып, бес ай бойы бүкіл шығармасын көшіріп алған Нұржан Наушабаев: «Найманда Бақтиярдың қызына арнап, Шығарған көпке әйгілі «Мақпал» әнін», – деп жырласа, «Дәл үш жыл Сегізге шәкірт болдым», – деген Жаяу Мұса «Ер Сегіз» дастанында: «Шығарған Мақпалға арнап «Гауһартасты», – деп тебіренеді. Сегізбен дәмдес болған Шынияз Жұбайұлы: «Шығарған Мақпалға арнап «Гауһартасты», Балқытқан өлеңімен тауды, тасты», – деп кестелі сөзбен өрнектейді.
Бұл айғақтарда «Гауһартастың» Сегіз серінің әні екені анық көрініп тұр. Бұдан артық дәлелдің қажеті де жоқ шығар. Қалай десек те Сыр бойында өмірге келген, Сыр сұлуына арналған әннің халық мұрасына айналғаны шындық.
"Жалағаш жаршысы".
Сурет "Егемен Қазақстан" газетінің сайтынан алынды.