» » » Өнер ордасының бәсі биік

Өнер ордасының бәсі биік

Қазақ даласында өнерге деген құрмет өте жоғары, ерекше. Шығармашылық деген нәзік әрі құнды дүние халық үшін. Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жері де талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Өнер руханияттың айнасы десек, сол өнер тарландарының, майталмандарының басын қосқан мәдениет саласы – руханияттың мәйегі. Аудандағы осы саланың дамуы, мұнан өзге де жаңалықтардан хабардар болу үшін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Алпамыс Қожаниязбен әңгімелестік.

– Алпамыс Нағашыбайұлы, індетке байланысты барлық салада өзгерістер орын алды. Мәдениет саласының жұмысы онлайн форматқа ауысты, тоқтаусыз қалған жоқ. Алдымен саладағы өткізілген шараларға тоқталып, ауқымды істерді атап өтсеңіз...
– Иә, әлемді алаңдатқан дерт барлығын қиындатып жіберді. Бізде мәдени көпшілік шараларды онлайн форматта өткізудеміз. Өйткені халықтың қауіпсіздігі, аудандағы ахуалдың тұрақтылығы біз үшін де өте маңызды. Дегенмен біз көрерменмен байланысымызды үзіп алмау үшін аянбай жұмыс жасадық. Атаулы күндер, мерекелік даталар кезінде онлайн форматта іс-шаралар ұйымдастырдық. Өнерпаздардың да саладағы жұмысын жандандыру мақсатында байқаулардан шет қалмадық. Карантиндік режимге қарамай аудан мәдениеті, оның ішінде Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қоржыны жақсы жаңалықтармен толықты. Аудан әкімдігінің қолдауымен Мәдениет үйіне мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы жиналмалы сахна мен көшпелі шатыр, түрлі музыкалық аспаптар мен техникалық құралдар алуға қаржылай көмек көрсетілді.
Соңғы жылдары мәдениет саласының даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие болып отыр. Ауданда өткізілген ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік және өзге де мерекелерге қалың жұртшылықты тарту, оларды рухани-мәдени топтастыру, еліміздегі жетістіктер мен адамгершілік, имандылық құндылықтарды насихаттауды кең түрде қамтып келеміз.

– Салада сүйіншілейтін ақжолтай хабарларға, жас таланттардың жетістігіне тоқталсаңыз...
– Егер артқан үмітіңді ақтаса, сен қосқан бәйгеде шәкіртің кіл мықтының арасынан суырылып шығып, жеңіске жетсе, сенім үдесінен шыға алса, әрине біздің мерейіміз үстем, абыройымыз асқақ деуге болады. Осы тұста аудан мәдениетін облыстық, республикалық мәдени кеңістікке ықпалдастыру, насихаттау мақсатында бірқатар жетістіктерін атап өтуге болады.
Сол кезіндегі халықтың көзайымына айналған дәстүрлі әншілердің ізін жалғап, солардан жеткен төл өнерді, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген, жас болса да ұлттық болмысымыздан айнымаған, дәстүрімізді ардақтап, салтымызды сақтап, бойындағы талантын тек тұлғалық дамуға ғана емес, ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына жұмсап жүрген аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қызметкері Руслан Бурабайдың есімін ерекше атауымызға болады. Сазгер, жас өнерпаздың әншілік қа­білеті ғана емес, қазақтың қос ішекті, күмбірлеген қара домбыраның құлағында ойнайтын талантына да тәнті болмай тұра алмаймыз. Мәселен, осы жылы ауданымызға танымал әнші, жас сазгер Руслан Бурабай Американың Техас штатында өткен «ARTIVITIES seassons» Халық­аралық көпжанрлы онлайн конкурс-фестиваліне өзінің «Талас» күйімен қатысып, «Халықтық орындау» жанры бойынша І орынды иеленді. Ақпан айында Мәскеу қаласында өткізілген Халықаралық «Шабыт ырғағы» онлайн өнер конкурсында Руслан Бурабай жүлделі І орынды иеленіп, лауреат атанды.
Шиелі ауданында өткізілген «Мен Балқының Базары» атты онлайн термешілер байқауынан Думан Ахметов жүлделі ІІ орын алды. Мәдениет үйі жанындағы Бахтияр Есжанов жетекшілік жасайтын «Домбыра – дастан» домбыра үйірмесінің жас мүшесі Жасұланқызы Нұрай "Аспапта ойнау" жанры бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді.
2019 жылы мәдениет үйі жанынан вокалды аспапты «Яксарт» этно-рок тобы құрылған еді. Ұлттық музыка, оның ішінде халық композиторларының туындыларын, ескі әуендер мен күйлерді көпшілікке жаңа үрдісте, заманауи нақышта насихаттау мақсатында жұ­мыс істейтін топтың да жетістігі жетерлік. 7 бірдей өнерпаздан тұратын топқа әуесқой сазгер, әуенді әрлеуші Баубек Ахметов жетекшілік етеді. Аз ғана уақыттың ішінде өнер ұжымы аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған түрлі шараларда, конкурс-фестивальдерде өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналып үлгерді.

– Аудан мәдениетін сөз еткенде «Алтын-арай» ән-би ансамблін айтпай кету мүмкін емес шығар. Халықтық атағы бар ұжымның бүгінгі белесі қандай?
– Халықтық атағы бар «Алтын-Арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, «Арай» үгіт тобы, «Халық театры» ұжымдары аудандағы ұлттық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыруға қосқан үлесі, еткен еңбегі өте көп. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанында үш «Үлгілі» атағы бар халықтық ұжым жұмыс жасайды. Аудандағы халық театры танымдық құндылықтарды насихаттайтын, әрі сұранысқа ие отандық авторлардың шығармаларын сахналап, халық ризашылығына бөле­нуде. Ұжым жыл басынан бері Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» комедиясын, Б.Ұзақовтың «Жан дауа» психологиялық драмасын сахналады. Аталған қойылымдармен шалғай жатқан елді мекендерге барып, тіпті көршілес Сырдария, Қармақшы аудандарында гастрольдік сапарларда болды.
Өнер ұжымдарының саладағы жетістігі де аз емес. Айта кетсек, осы жылы Қызылорда қаласында өткен Қызылорда Өңірлік ХҮІІ жастар Дельфийлік ойындары облыстық байқауына қатысқан «Алтын-арай» халық ән-би ансамблінің би тобы І орын иеленсе, 26-27 мамыр күндері балалар шығармашылығына арналған "ХХІІІ Бозторғай" байқауында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің үйірме мүшелері жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, "Халық биі" жанры бойынша "Алтын-Арай" би ансамблінің өнерпаздары І орын, биыл ғана құрылып, өздерінің алғашқы қадамын жеңіспен бастаған "Эверест" би тобы жүлделі І және ІІ орындарды алып, аудан абыройын асқақтатты. Сонымен қатар биші Әлия Сералиева жетекшілік жасайтын "Тұмар" би үйірмесінің өнерпаздары да «Халық биі» жанры бойынша жүлделі І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұдан бөлек осы жылдың мамыр айында облыстық «ХХІІІ Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауына «Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі» КМҚК жанындағы «Алтын-арай» халық ән-би ансамблінің және «Тұмар» би үйірмесінің бишілері қатысып, Алматы қаласында өткізілетін байқаудың Халықаралық деңгейіне жолдама жеңіп алған болатын.
Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 2020 жылдан бастап «Қорқыт сазы» қыл қобыз үйірмесі ашылып, үйір­­ме жетекшілігіне жас маман, қобызшы Яр Есет та­ғайындалған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде үйір­ме жас өнерпаздармен толығып, түрлі байқау-конкурстарға да қа­тысып үлгерді. Үйірме мүшесі Динара Әбуова балалар шығармашылығына арналған «ХХІІІ Бозторғай» байқауына қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Үйірме же­тек­шісі Есет Яр 2021 жылы Жаңақорған ауданында ұйым­дастырылған 1 шілде – Ұлттық домбыра күні аясында Сыр саңлағы, дәулескер күйші Әлшекей Бекбайұлы атындағы аймақтық «Ұлы дала әуені» атты күйшілер фестивалінде «Қорқыт ата атындағы номинациямен», «Qyzylorda» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Асыл мұра» телебайқауының гранд-финалына дейін жетіп, жақсы өнер көрсеткені үшін арнайы дипломмен, Түркі тілдес халықтарының ұлы ойшылы Қорқыт ата мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Қобыздың үні – ғасырлар үні» облыстық онлайн қобызшылар бай­қа­уын­да үздік өнер көрсеткені үшін марапатталды. Мұнымен аудан өнерпаздарының жетістіктері толастамайды деп білемін, әлі алда талай биіктерді бағындырарына сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Н.Алмас

24 тамыз 2021 ж. 2 737 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 738

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930