» » Тоқаев қайта сайланған Франция президенті Макронды құттықтады

Тоқаев қайта сайланған Франция президенті Макронды құттықтады

Тоқаев пен Макрон тұрақты байланысып тұруға келістіМемлекет басшысы екінші рет сайланған Франция президентін Қазақстанға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өз атынан Эммануэль Макронды Франция президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысының құттықтау жеделхатында Эммануэль Макронның сайлаудағы айқын жеңісі Францияның ұлттық мүддесін қорғау және елді өркендету жолындағы оның қажырлы қызметіне халықтың берген жоғары бағасы мен сенімінің айғағы деп атап өткен.

Қазақстан президенті екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін өзара күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін нақтылады.

"Осыған байланысты Қазақстан мен Франция арасындағы сан қырлы ықпалдастықты нығайту жолдарын талқылау үшін өзара қолайлы уақытта сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Франция көшбасшысына сарқылмас күш-қуат және аса жауапты қызметіне сәттілік, ал достас француз халқына мол бақыт пен құт-береке тіледі.

Айта кетері, Францияда өткен президент сайлауында Эммануэль Макрон 100% дауыстың 58%-іне ие болды. Осылайша екінші рет елдің президенті болып сайланды. Бұған дейін Франция халқы оны 2017 жылы өткен сайлауда қолдады.


25 сәуір 2022 ж. 1 318 0