СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен шағын құрамда келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ақорда резиденциясында ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы келіссөздері өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Иннің алғашқы мемлекеттік сапары Қазақстан – Оңтүстік Корея арасындағы саяси диалог пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына серпін беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті күн тәртібіндегі барлық мәселелерге қатысты табысты келіссөздер өтіп, екіжақты тиімді шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
– Президент мырза, Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіз! Біз кеше екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқыладық. Бұл Сіздің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Кеше Сіз ұлттық батырларыңыздың мәйіттерін Отанға қайтарған маңызды рәсімге қатыстыңыз. Осы оқиғаға орай құттықтауымды қабыл алыңыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырып, жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар биыл атап өтілетін Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы қарсаңында ерекше маңызға ие.
– Қазақстан – Еуразия құрлығында бейбітшілік орнатуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Корея Республикасының «Жаңа Солтүстік саясатын» жүргізудегі негізгі әріптесі. Менің бұл сапарым екіжақты қарым-қатынас ғана емес, сонымен қатар, Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдарды нығайтуға серпін береді деп үміттенемін, – деді Оңтүстік Корея Президенті.
Кездесуде тараптар саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ, екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарын талқылады.