АФРИКАДА «АББАЙ» ДЕГЕН ӨЗЕН БАР
Естімеген елде көп. Мына қызықты қараңыз, Африкадағы Эфиопия деп аталатын елде «Аббай» деген өзен бар екен. Бұл – жазғы жауын кезінде Нілді толықтай сумен қамтамасыз ететін өзендердің бірі. Тіпті мұндай қабілетіне қарап үлкен су арнасы, үлкен су жолы десе де болғандай.
Айтпақшы, бұл елдегі ең үлкен көлдің атауы «Абая» деп аталады екен. Соған қарағанда бұларда Абай сөзі үлкен деген мағынаны білдіреді-ау шамасы. Қазақтың Абай хәкімі де үлкен құрметке лайық жан ғой, шіркін! Оны алты Алаштың бар баласы құрмет тұтады.
Солтүстік Шығыс Африкада орналасқан осынау мемлекеттің алып жатқан жер көлемі 1127127 шаршы шақырымды құрайды. Тұрғындарының 3/4 бөлігін амхарлар мен оромолар (галлалар), қалған бөлігін тиграилер, гураге, аргоббалар, данакиль, харарилер құрайды. Эфиопияда гректер мен армяндар, арабтар, үндістандықтар, пәкістандықтар тұрады. Халқының 50%-на жуығы мұсылмандар, 45%-ы христиандар, қалғандары жергілікті діни нанымды ұстанушылар екендігін де айта кеткен жөн.
Е.ӘНУАРҰЛЫ