Ресейлік "Аэрофлот" Қазақстанның тоғыз қаласына рейстерді тоқтатты
Ресейлік "Аэрофлот" әуекомпаниясы бірқатар шетелдік бағыттарға, соның ішінде Қазақстанға да рейстердің тоқтатылатыны туралы хабарлады. Оған коронавирус пандемиясы себеп болған деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы ірі компанияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Әуе компаниясы ресми сайтында бұл шараны қабылдауға мәжбүр болғандарын жеткізді. Онда шектеу мерзімі 2020 жылдың 31 тамызына дейін көрсетілген. Осы мәселе бойынша және бұдан кейінгі өзгертулер туралы ақпараттар сайтта бөлек жарияланатыны белгілі болды. Шешім елдердегі қазіргі эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып қабылданған. Онда ұшу уақытша тоқтатылған Еуропа, Таяу Шығыс және Азия аймақтарының 80 қаласы бар. Соның ішінде Қазақстандағы тоғыз қала кірген. Олар:
Алматы;
Нұр-Сұлтан;
Шымкент;
Ақтөбе;
Атырау;
Ақтау;
Қызылорда;
Қарағанды;
Қостанай.
Көрсетілген тізімдегі қалалардың кез келгеніне 2020 жылдың 1 мамырынан 31 тамызға дейін билет алған барлық жолаушы әуекомпанияға хабарласып, ваучер рәсімдеуге, жұмсалған ақшаны қайтарып алуға құқығы бар. "Аэрофлот" компаниясының ресми сайты немесе байланыс орталығы арқылы билет сатып алған адамдардың ақшасы автоматты түрде қайтарылады. Еске сала кетсек, наурыз айының он жетісінде "Аэрофлот" Қазақстанның сегіз қаласына ұшатын рейстерді уақытша тоқтатқан еді. Олардың арасында Астана, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент және Атырау қалалары болды. Компанияның ұшақтары осы бағыттар бойынша 22-23 сәуірге дейін рейстерді орындаған жоқ.