Лука Модрич жылдың ең үздік футболшысы атанды
"Реал Мадрид" сапында өнер көрсететін Лука Модрич ФИФА марапаттауында жылдың ең үздік футболшысы атағына ие болды. Хорватиялық аяқдопшы үштікке кірген Криштиану Роналду мен Мұхамед Салахты басып озған. Мадридтік ойыншы бұл жүлдені алғаш рет алып тұр деп жазады NUR.KZ.
Лука Модрич ФИФА-ның жылдық қорытындысы бойынша үздік футболшы атанды. "Реал мадридтің" жартылай қорғаушысы Роналду мен Салахқа шаң қаптырып кетті.
Өткен жыл хорватиялық футболшы үшін жеңіске толы болғаны рас. Ол өнер көрсететін "Реал Мадрид" қатарынан үшінші мәрте Чемпиондар лигасын ұтып, кезекті рекорд жаңартты.
Ал Ресейде орын алған Әлем чемпионатында Модрич жарқын жұлдыздардың бірі, өз құрамасының қаһарманы бола білді.
Ең қызығы, ФИФА ұйымдастырған марапаттау кешіне футбол әлемінің басты жұлдыздары Роналду мен Месси келмей қойған. Аяқдопшылар өз жеңісіне сенбегендіктен мерекелік кешке барудан бас тартқан көрінеді.
Роналду үздік үштік құрамына енсе, аргентиналық футболшы мүлде ол тізімде бой көрсетпеді.
Барша жанкүйерлер жылдың жаңа үздік футболшысы Лука Модричтің енді алтын допты ұтып алуға мүмкіндіктері зор екенін де айтты.
Көпшілік ұзақ жылдар бойы басқаларды шаң қаптырмаған Месси мен Роналдудың дәурені өтіп бара жатыр деседі.
Пікір 2