МАҚСАТ – ҚАРЖЫНЫ ДҰРЫС БАҒЫТТАУ
Өткен аптада Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 9 сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, мәслихат депутаттарының назарына ұсынылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «2021-2023 жылдарға арналған Жалағаш кенті және ауылдық округтердің бюджеттері туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы баяндады.
– Биыл 1 шілдедегі ҚР Үкіметінің 451 қаулысына байланысты мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметкерге еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы қаулысы бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының ұлғаюына байланысты кент, ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеуге қажетті қаржыны бағыттау көзделуде. Сонымен қатар Қаракеткен ауылдық округінің аппаратына елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмысына үш миллионнан аса қаражат бағытталуда. Бұл балалар ойын алаңын орнатуға және осы қаражатқа қосымша қаражат Қаракеткен ауылының өздерінің түсімдерінің артық түсімі осы ойын алаңының жоба-сметалық құжатындағы құнына бағытталмақ.
Бұдан бөлек аудандық бюджеттен бөлінген қаражаттардағы өзгерістерімен қатар кент, ауылдық округтердегі дербес бюджеттің қаржыландыру жоспарларына сәйкес есептеу жүргізілді. Қорытындысымен он екі миллион бір жүз тоқсан алты мың теңгенің үнемделгені анықталды. Осы қалған қаражаттар қысқартылып, сәйкесінше кент, ауылдық округтердің өздерінің өткізген бюджеттік өтінімдеріне сәйкес қайта бағытталу көзделуде. Сонымен қатар Аламесек ауылдық мәдениет үйінің бу қазандығының моржасын жөндеуге қажетті қаржыны бағыттау мақсаты бар, – деді Жұпар Баймаханова.
Сессияда сала басшысы осы секілді үнемделген қаражат көздері түптеп келгенде ауылдық округтердің абаттандырылуына, дамуына жұмсалатынын айта кетті. Мұнан соң сессия отырысында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бабаназар Байболов хабарлама жасады. Оның айтуынша, ҚР-ның салық кодексінің тиісті тармағына сәйкес салық салу обьектісінің елді мекенде орналасуын ескеретін аймаққа бөліну коэффициентін жергілікті атқарушы органдар осындай коэффициент енгізілетін жылдың бірінші желтоқсанына кешіктірмейтін мерзімде аймаққа бөлу коэффициентін есептеуге сәйкес бекітеді. Сондай-ақ ол бекітілген жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс екені көрсетілген. Бөлім басшысы осыған байланысты заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Сессия отырысын Жалағаш аудандық мәслихатының 2017 жылғы 30 қарашадағы №18/2 сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып табылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы шешімнің күші жойылды деп тану, Жалағаш аудандық мәслихат аппаратының штаттық құрылымын бекіту мәселелері туралы баяндаған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Б.Жақанова қорытындылады. Басқосу соңында күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты хабарламашыларға сұрақтар қойылып, депутаттар тарапынан тиісті шешімдер қабылданды.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ