Елімізде 1700-ден аса компания отандық тауарларды экспорттайды
Астана, BAQ.KZ. Келер жылдан бастап өз өнімдерін сыртқа тасымалдап жатқан отандық кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалмақ. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Бұдан былай, жүк тасуға кететін шығынның тең жартысы мемлекет есебінен өтелетін болады. Бұл қадам қазақстандық экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді әрі өнім өндіру саласына соны серпін қосады.
Осыдан 15 жыл бұрын құрылған компания отандық нарыққа сапалы әрі экологиялық таза өнім шығарады. Кәсіпорын газ блоктарын әзірлеумен айналысады. Өнімдерін неміс технологиясы бойынша дайындайды. Астана және Ақтөбе қалаларында екі ірі зауыты бар. Онда ұзын-ырғасы 450 адам жұмыс істейді. Жыл сайын 400 мың текше метр құрылыс материалдарын әзірлейді. Көбін шет мемлекеттерге тасымалдайды.
«Біздің компания 7 жылдан бері өнімдерін Өзбекстан, Ресей мен қырғыз елдеріне тасымалдайды. Отандық құрылыс материалдары Тәжікстан мен Әзербайжанда да сұранысқа ие. Сондықтан алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - дейді компанияның коммерциялық директоры Қанат Оспанов.
Елімізде жыл басынан бері өңдеу секторы 5% өсім көрсеткен.
Экспорттың орташа көлемі де осындай көрсеткішке ие. Қазақстан өзге елдерге құрылыс материалдарынан бөлек, аккумуляторлар, электр құрылғылары мен азық-түлік өнімдерін тасымалдайды. Қазір елімізде отандық тауарларды экспорттап жатқан 1700-ден аса ірі компания бар. Келер жылы олардың барлығына жеңілдік жасалмақ.
«Екінші енгізілетін жаңа көмектің түрі – экспорттаушылардың транспорттық шығындарын қамту. Осы жылға дейін тек қана экспорттаушылардың маркетинг жағынан шығындары қамтылса, келесі жылдан бастап бұл көмекке 20 млрд теңге бөлінеді», - дейді Қазақстанның сыртқы сауда палатасы төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.
Жүк тасымалына кететін шығынды өтеу үшін мемлекет қазынасынан 20 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 5 млрд теңге әр елден сауда өкілдіктерін ашуға жұмсалады. Одан бөлек, қазақстандық компания өкілдері әлемдік көрмелерге қатыспақ. Отандық 50 компанияның төл өнімдері жаһан жұртының назарына ұсынылады.
Baq.kz