2018 жылы бюджет кірістері 9 трлн теңгеге жетті – Смайылов
Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысына Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
«2018 жылы бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканың одан әрі өсуіне негізделді. Сол себепті экономиканың нақты секторларын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік саланы дамыту бюджеттің атқарылуының басымды бағыттары болды. Жыл қорытындысымен еліміздің экономикасының өсуі 4,1% құрады. Бюджеттің кірістері 8,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде салықтар – 5,7 трлн теңге. 2017 жылмен салыстырғанда салықтардың жалпы кірістер көлеміндегі үлесі 15% өсіп, 65% жетті. Жалпы ішкі өнімдегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі 8% құрады. Оған индустрияландыруға, агроөнеркәсіпті, орта және шағын бизнесті, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың қорытындылары ықпал етті», - деп айтты Смайылов.Ол кірістердің өсуіне салық-кеден саласындағы әкімшілендірудің жақсаруы себеп болғанын, осы жұмыстың нәтижесінде 490 млрд теңге мөлшерінде қосымша салықтар түскенін атап өтті.
https://baq.kz