Қазақстанда жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық басталды
Қазақстанда салықтық рақымшылық басталды. Оның арқасында салықтың негізгі бөлігін төлеп тастаған жеке тұлғалар айыппұл мен өсімақылардан құтылмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойғаннан кейін белгілі болды.
Салықтық рақымшылық қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес іске асырылмақ.
Құзырлы мекеме қазақстандықтардың ведомстволық органдарға арнайы барып жүгінуінің қажеті жоқ екенін жеткізді. Мемлекеттік кірістер қызметкерлері салық төлемдері туралы адамдардың жеке есепшоттарынан біліп тұрады. Олар есепшоттарға күнделікті мониторинг жүргізіп тұрмақ.
Негізгі қарыз өтелген кезде органдар өсімақыдан босату шешімін қабылдайтын болады. Бұл процедура үш күнге созылуы мүмкін.
Оған қоса, айыппұл мен өсімақыларға жұмсалған ақша бұған дейін төлемді енгізгендерге қайтарылуы мүмкін. Ол үшін бар болғаны арыз жазу керек.
NUR.KZ