Қостанайлық шеберлерге пәтер кілтін табыс етті
Ағайынды шеберлер бейнелеу өнерінде матаның орнына қой жүнін пайдаланады.
Бүгін Қостанайға жұмыс сапары барысында премьер-министр Асқар Мамин ағайынды Аңқауовтардың сурет көрмесін тамашалады, деп жазады 24.kz. Туа біткен дерттен ағайынды төрт жігіттің жүріп-тұруы қиын. Соған қарамастан, бойларындағы дарынды ел игілігіне жаратып жүр. Олар Еуропадан бастау алатын панно-аппликация стилінде сурет салады. Басқалардан ерекшелігі, ағайынды шеберлер бейнелеу өнерінде матаның орнына қой жүнін пайдаланады. Туындылары талай көрме, байқауларда мамандардың жоғары бағасын алып жүр. Аңқауовтардың өнеріне риза болған Үкімет басшысы өз қолымен ағайынды екеуге қос пәтердің кілтін табыс етті.
"Мен олардың өнеріне тәнті болдым. Ең бастысы өмірге деген құлшыныстары, шығармашылық қабылеттерін дамытуға деген ұмтылыстары қуантады. Олардың ноу-хау дерлік жаңашылдығы көп. Және халықаралық денгейде танымал. Бүгін осы жігттерге пәтер кілтін табыс етіп жатқанымызға мен өте ризамын" - дейді меценат Нұрлан Смағұлов.
"Баспанаға ие болып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Әрі қарай кәсібімізді, өнерімізді дамытуға үлкен үлес деп есептейміз. Себебі біздің алдағы қойған мақсаттарымыз өте көп" - дейді суретші Бағлан Аңқауов.