Кредиті кешірілмегендер не істеуі керек?
Мемлекет несиелік амнистия акциясын 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін созды.
Қыркүйектің басында банктер тұрғындардың қарыздық жүктемесін төмендету туралы президент жарлығын жүзеге асыруды бастады. Оған 1 маусымдағы жағдай бойынша жалпы қарызы 3 млн теңгеге дейінгі 6 категорияға кіретін қазақстандықтар енген болатын. Бірақ талаптарға сай келсе де кредиті кешірілмеген азаматтар аз емес. Сондықтан үкімет тізімді толықтыру үшін акцияны жыл соңына дейін созды, деп жазады Qamshy.kz.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова жүйедегі қателік не себепті кеткенін түсіндіріп, енді не істеу қажеттігін айтты.
Министрлік қағазбастылықты азайтып, елді дүрліктірмеу үшін кредиті кешірілетін азаматтардың тізімін арызсыз тәртіп бойынша жасаған. Алты категорияға кіретін азаматтардың барлығы жүйеде болған. Өйткені олардың барлығы әлеуметтік төлем алады.
Алайда 2008 жылға дейін неке құрғандар мен баласы дүниеге келгендер арасында архивтік деректері цифрландырылмағандар бар болып шықты. Яғни АХАЖ (ЗАГС) базасында бала я неке қатынасы туралы дерек табылмаған.
Несиесі өтелмеген тұлғалар АХАЖ органдарына жүгініп, отбасы мәртебесін реттеуі тиіс. Отбасы мәртебесі туралы деректі электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы электрондық үкімет порталынан білуге болады. Немесе тәулік бойы істейтін 111 номеріне қоңырау шалса, оператор отбасы статусын анықтап, ары қарай не істеу керектігін айтып береді. Кредиті кешірілетін азаматтар қатарына келесідей әлеуметтік статусы бар азаматтар кіреді:
- көпбалалы отбасылар (18 жасқа дейінгі 4 немесе одан да көп баласы бар отбасылар);
- асыраушысынан айырылғаны үшін өтемақы алатындар;
- мүгедек балалары бар отбасылар, бала күннен мүгедектегі бар 18 жастан асқандар;
- мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
- жетім балалар;
- ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасынан кәмелетке дейін айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар.
Жоғарыда аталған категорияларға кіретін ерлі-зайыптылардың екеуінің де борыштық жүктемесі азайтылады.
Ескерте кетелік, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатындардың, қарыздары коллекторлық ұйымдарға өтіп кеткен тұлғалардың кредиті кешірілмейді. Сондай-ақ кешірілетін кредит 2019 жылғы 1 маусымға дейін алынған болуы тиіс.