» » Қыздарға өсиет

Қыздарға өсиет

Оқырман қауымға Әзілхан Нұршайықовтың есімі жақсы таныс. Майдангер жазушының “Махаббат қызық мол жылдарын” жастана оқып, “Ақиқат пен аңызынан” рухтанып, еңсе тіктедік. Бүгін қаламгердің қазақ қыздарына айтқан өсиетін беріп отырмыз.
“Қыздар! Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар. Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар. Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар. Өздеріңді алақанға салып, әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар. Егер ертең егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар. Әдемі болыңдар, әсем болыңдар. Сонымен бірге ақылды болыңдар, сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар, саналы болыңдар. Ең алдымен еңбекшіл болыңдар. Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы. …Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің-түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ бол­маңдар, ұрысқақ болмаңдар. Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер… Апиын ішкендей елітіп, сәнге еліктей бермеңдер. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей, жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысы, өз денеңе жарасымдысы, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер. Көрсе қызар болмаңдар. Қол жетпеске тыраштанбаңдар. Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағындырыңдар.
Қыздар! Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыз­дарына бір-ақ қылғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар. Сабырлы болыңдар, са­лиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақ­тарым!
Қыздар! Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудан сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар. Пәк болыңдар! Пәк болу үшін сақ болыңдар, бауырларым! Алайда қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр-сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жыл­пыл­дағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бер­мейді. Жақсы жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер.
Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы.

08 қазан 2019 ж. 679 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930