Бөріні байраққа бейнелеген жұртпыз
Үлкендер “арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын бергенше, қасқырдың жүрегін берсін” деп жатады. Қазақ бөріні киелі санайды. Сол себепті байрағына бөрінің бейнесін бейнелеген. Қасқырдың тісін,тырнағын адам баласы бойтұмар қылып тағып жүрсе, тіл-көзден ада болады деп ұққан. Сондай-ақ әйелінің аяғы ауыр кезде ер адам түсіңде көк бөрі көрсе, онда оның әйелі текті бала туады деп жорыған.
Қасқырдың ең ғажап қасиетінің бірі – ешқашан өлексемен қоректенбейді. Осының өзі оны көп жыртқыштан ерекшелеп тұрады. Сонан соң қаншығы, яғни құртқасы өмірінде бір-ақ рет бөлтіріктейді. Түз тағысының қолға үйренуі екіталай. Өйткені күшік кезінен асырасаң да, құйрығын бұлғаңдатып еркелемейді. Бұл жайында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің “Көксерегінде” тәптіштеп айтылған. Шығарманы оқыған, киносын көрген жан қасқырдың бұл қасиетін жақсы біледі деп ойлаймыз.
Ел ішінде қасқырға қатысты айтылатын әңгіме де, аңыз да көп. “Иттің иесі болғанымен бөрінің тəңірісі бар” дейтін халқымыз оның жазда тауға, қыста жазыққа ұмтылатынын жақсы білген. Қазақ қасқырдың атын атамаған, құтырып кетеді деп ойлап, «ит-құс» деген. Қасқырдың терісінен жасалған ішікті белсіздікке ұшырайды деп жас жігіттерге кигізбеген. Оның ішігін жамылған адамды боран болсын, ызғар болсын суық ала алмаған. Қасқырдың терісін 1-2 сағат бөстек қылып отырсаңыз, күні бойы денеңіз қызып жүреді. Терісін аяқ-киімге ұлтарақ етіп салсаңыз, табаныңыздан суық өтпейді.
Қасқырдан қорқып, малымызды қырып кетеді-ау деп оған үрке қарайтынымыз тағы бар. Бұл аңды жақсы білетіндер оны қанша жыртқыш болса да бөлтіріктесе, жақын маңда орналасқан қорадағы малға шаппайтынын айтады. Қайта керісінше, өзінің азығына керегін ғана алып, қалғанын басқа тағыларға тигізбей қоритын көрінеді.
Е.Әнуарұлы