» » «ДУДАР-АЙ» МӘРИЯМНЫҢ ӘНІ ЕМЕС

«ДУДАР-АЙ» МӘРИЯМНЫҢ ӘНІ ЕМЕС

Тақырыпқа арқау болған осы бір әнді көбіміз жақсы білеміз. Бірақ бұл ән қалай шықты? Оның авторы кім? Осы сауалдарға келгенде тосылып жататынымыз тағы бар.
Жалпы «Дудар-айдың» үлкен ма­хаббаттан, ғашықтықтан туған ән екені белгілі. Ол – көптеген өнер зерт­теу­ші­лерінің назарына іліккен туынды. 1920 жылы А.В.Затаевич ел аузынан «Дудар-ай» әнінің бірнеше нұсқасын жазып алған. Тіпті бір нұсқасын Ғани Мұратбаев беріпті. Ен­ді­ біреуін Әміре Қашаубаевтан алған. Мамандар бүгінде орындалып жүрген «Дудар-ай» әні осы әнші Әміре берген нұсқаға жақын екенін айтады. Бұл тақырыпты музыка зерттеушісі, композитор Ілия Жақанов пен жазу­шы, сыншы Бегділдә Алдамжар да қозғаған. Әсіресе Бегділдә ағамыз нотаға түс­кен музыкалық мәтінін талдап, ин­то­на­ция мен тембрдің қаза­­қы на­қышта өрбитінін, олардың байыр­ғы ән­де­рімізге тән екенін алға тартады.
Шынында, «Дудар-айдың» форма­сы, жасалу жолы мен тәсілі халық әндеріне ұқсайды. Тіпті онда мелодия өрбіп, әуен өрістеп, музыкалық период белгілі шумақпен аяқталып қалмайды. Қайта керісінше, орындаушы­сы­на да,­ тыңдаушысына да ерекше қанат бітіретіндей әсер беріп, баяндау арқылы ары қарай жалғасады. Бір сөзбен айтқанда, эпос пен лиризм элементтері бір-бірімен байланысып, астасып жатыр. Ән орташа екпінмен «Мәриям Жагор деген орыс қызы» деп асықпай басталады. Сөз қадірін білген адам бұл жолды Дударға ғашық болған Мәриям емес, үшінші жақтан басқа бір автордың баяндап тұрғанын бірден ұғады. Содан кейін келетін: «Он алты-он жетіге келген кезі» деген екінші жолында да қыз жөнінде ақпар беріліп, алдыңғы ойымызды нақтылай түседі. «Дудар-айым дудым, бір сен үшін тудым, шіркін-ай, Дудар-айым дудым-ай» деп келетін шумақта қазақ жігітіне ғашық қыздың сезімі бейнеленіп, ішкі сыры көрініс табады. Әсіресе «Қор болып, бір жаманға кеткенімше, алдымнан қазулы көр табылсайшы» деген жолдардан Мәриямның сезімі шынайы екенін көруге болады.
Кеңестік кезеңде бұл әнді кейіп­керінің өзі шығарды деп жүрді. Сезімге толы эпос пен лиризм астасып жат­қан «Дудар-айды» шынымен Мәриям шығар­ған ба? Жарайды, ғашық болды, сезімін өлеңмен өрбітіп әнмен жеткізді дегеннің өзінде қазақтың халық әніне тән иірімдерді бойға сіңірген мынадай туындыны 16-17-ге енді келген орыс қызы шығарды дегенге біздің көңіл сенбейді. Тіпті әннің шығу тарихына ғылыми баға берген, «Дудар-ай» опе­расын жазған атақты композитор Евгений Брусиловскийдің өзі осы пікір­де болған. Ол «Дүйім дүлдүлдер» де­ген хикаясында «Бұл ән талассыз Арқа композиторларының біреуінің әні екеніне сенемін, өйткені ән табиғаты кең тынысқа, шалқар диапазонға құрылғаны өз-өзінен көрініп тұр. Енде­ше, бұл әнді басқа ұлттың өкілінің шығаруы мүмкін емес» деп жазған. Бірақ кеңес заманында сол кездегі идеологияның ықпалымен мұны халық­тар достығы деп дәріптеп, Мәриямды композитор етіп шығарды. Ол жайында поэма да, опера да жазылды.
Егемендікті еншілегеннен кейін талай шындықтың беті ашылды. Бұрын «Дудар-айды» Рыкина Мария Егоровна шығарды деп айтылса, енді оның нағыз авторы белгілі болды. Ол әншілік, серілік өнерімен аты шыққан Үлебай Әнетов екен. Бұл жайында Қазақ энциклопедиясында айты­лады. Сонымен қатар республи­калық «Айқын» газетінде Төреғали Тәшеновтің «Осы жұрт Үлебайды біле ме екен?» атты мақаласы басылды. Онда «Айқын» газетіне келген бірнеше хаттан мысал келтіріледі. Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылынан хат жазған Рақымберген Қозыбағардың айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған жан болыпты. Ал Астана қаласының Көктал тұрғын алабының Жаңақоныс көшесінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағындық Байұзақұлы деген ақсақал да Үлебайды білетінін жазған. Әннің тарихын білетіндердің айтуынша, Дүйсен деген әнші, домбырашы дударбас жігіт екеуі дос болған. Әндегі Дудар-ай осы Дүйсен. Екі дос сол аймақтағы ойын-сауықтың ажарын ашып, көркін қыздырған. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жатқанда, алдарынан шыққан 15-16 жастағы орыс қызына кез болады. Бұл – Мәриям еді. Қызға екі замандастың да көңілі ауады. Екеуі ақылдаса келе қыз қайсысын таңдаса соған келіспекші болады. Сөйтіп қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таңдайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайындары қарсы болады. Бірақ табандылық та­нытқан Дүйсен Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болған көрінеді. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мәриямның атынан шығарған. Бұл әннің бар шындығы – осы. «Дудар-ай» – Үлебайдың туынды­сы. Бұған енді ешкімнің таласы бола қоймас.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


26 қараша 2019 ж. 493 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031