Шетелдіктер Қазақстанда тіркеусіз 30 күн жүре алады

ІІМ елімізде 30 күнге дейін болатын барлық санаттағы шетелдік азаматтарды уақытша тіркеу тәртібін тоқтатады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнамаларды жетілдіру және жеке тұлғалардың құқығын қорғауды күшейту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ол БАҚ-та жарияланғаннан кейін 10 күнде күшіне енеді. Шетелдік қонақтың келгені жөнінде қабылдаушы тарап көші-қон қызметін елге келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде хабардар етуі тиіс. Шетелдіктің Қазақстанда болуы туралы хабарлау рәсімі бүгінгі күні барынша жеңілдетілген және көші-қон қызметінің бөлімдеріне баруды талап етпейді. Визалық көші-қон порталында www.vmp.gov.kz мына талаптар орындалуы қажет:
– Шетелдік туралы және қажет болған жағдайда оның балалары туралы мәліметтерді толтыру;
– Толтырылған өтінім нысанына ЭЦҚ көмегімен қол қою;
– 15 минуттан кейін Жеке кабинетте сақталатын дайын құжатты алу. Шетелдік азамат Қазақстан аумағында 30 тәуліктен артық болған кезде қабылдаушы тарап (қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-алдын алу мекемелері және басқа да заңды және жеке тұлғалар) мейманға уақытша болуға рұқсат ресімдеуге міндетті.
24.kz