» » БАЙТҰРСЫНОВ БИІГІ

БАЙТҰРСЫНОВ БИІГІ

“Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап - сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?”

Бұл – ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының “Маса” деген өлеңі. Аңдағанға “Масаның” айтар ойы тым терең. Ахметтей алып өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамын оқу-білім арқылы алға өрлетуді көздеген. «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу.

Саналы ғұмырын туған жұртының бола­шағына арнаған Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданына қарасты Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ол 1891 жылы Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы болып, Қар­қаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарды.
Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болған. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша үкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Зерттеушілер бұл оқиғаның шығу төркінін уезд бастығының Байтұрсын әулетіне қыстауға көшуге рұқсат бермеуімен байланыстырады. Сол тұста Байтұрсындай намысты ер көшпенді қазаққа отбасын, ошақ қасын, мал басын аман сақтау үшін жайлаудан қыстауға қарай көшу керектігін патша үкіметінің адамдарына түсіндіріп те көреді. Алайда бұл әрекеті еш нәтиже бермейді. Көшті тоқтатуға тағы болмайды. Мұның ақыры жанжалға ұласып, Байтұрсынның қамалуымен аяқталады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көріп, қатты налыды. Осы бір оқиғаның өзі Ахметтей тау тұлғаның шыңдалуына, айналаға ойлы көзбен қарауына жол ашқан сияқты.
Ахметтей тұлғаны бүгінгі жұрт ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі, ұлт ұстазы ретінде таниды. Қайраткердің саяси қызмет жолы 1905 жылы басталады. Осы жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған “Қарқаралы петициясы” авторларының бірі де Ахмет болатын. “Қарқаралы петициясы” аталатын арыз-тілекте сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылдың 1 шілдесінде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Бұл аздай Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылғы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес ол 1910 жылғы 9 наурызда Орынборға келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Бірақ қаршадайынан әлеуметтік теңсіздікті көріп өскен Ахмет Байтұрсынұлы Орынбордағы кезеңді тиімді пайдаланды. Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газеті рухани жаңғыруға бастаған сана серпілісінен туған басылым болатын. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахметтің Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында еді. Ол «Қазақ» газетіне жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға қамалды.
Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлы “Алаш және әдебиет” деп аталатын еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылық бағыттағы идеясын сөз етсе, “Алаш арқауы” деп аталатын кітабында ұлт ұстазының қайраткерлік жолын руханиятпен сабақтастырады. Ол: “Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-ілімде де ағартушы” – дейді. Ғалымның сөзін Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылғы 16 мамырда “Қазақ” газетіне шыққан “Қазақ оқу жайынан” атты мақаласымен байланыстыруға болады. Ахаң: “Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісінен бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі” – дейді. Ахметтей ақынның бәрінен бұрын ағартушы болғанын мына бір өлеңінен аңғаруға болады.
“Балалар!
Оқуға бар!
Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған”.
Қазақ балаларын оқуға шақыратын бұл өлеңді Байтұрсыновтың ағарту ісіне арнаған туындысы десек те болады. Бұл Ыбырай Алтынсариннің “Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылығымен” сабақтасып жатыр.
Ахмет Байтұрсынұлы 1921-1925 жыл­дары Орынбордағы, 1926-1928 жыл­дары Таш­кенттегі Қазақ халық ағарту инсти­тутта­рында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алма­тыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылғы 2 маусымда Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Ахмет те Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынов ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылғы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. Ұлт ұстазы атанып, соңына өшпес із қалдырған Ахмет 1937 жылы желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.
Ақынның алғашқы кітабы «Қырық мысал» деген атаумен 1909 жылы жарық көрген. Халқын «Маса» боп оятқан Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармалығы көпке үлгі болып қала бермек. Енді мақаланың басында сөз еткен “Масаға” оралайық. Ахметтей алып “Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса” деп тебіренеді. Ғалым Шәмшиябану Сәтбаева: “Масаны” талдай отырып, оның мән-мағынасына үңіледі. Өлеңнің бастауын негізге алып, «ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса» – сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді. Ол «үстінде ұйықтағанның айнала ұшып», қоғамның енжар, жалқау, ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі” дейді. Ақын өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес. Ақын өз өлеңдерінде көбіне Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырып дамытқан өрісті ойды, гуманистік әуендерді, демократтық бағыттарды жаңа жағдайда өзінше жалғастырушы ретінде көрінеді. Оның өлеңдерінің тақырып қойылысынан, өрнектелуінен, ой жүйелеу мәнерлерінен Абай, Ыбырай үлгілеріне жақындық, үйлесімдік, үндестік байқалады. Біз мұны Алтынсарин мен Байтұрсыновтың қазақ балаларын оқуға шақырған өлеңімен байланыстыра сабақтастырған болатынбыз. А.Байтұрсынов та өзіне дейінгі ағартушылар сияқты айналаға сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқты өлеңдердің мазмұны осыны танытады.
Ахмет Байтұрсынұлы “Анама хат” деген өлеңінде өзінің нақақ жаланың құрбаны болға­нын айтады
“Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!” – деп анасының амандығын тілейді. Ал “Қазақ қалпы” атты өлеңінде:
“Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған” деп тебіренеді.
Ахмет Байтұрсынұлының бұл өлеңдерінен сол кездегі қоғам бейнесін көруге болады. Ол қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтаған ғалым. Бір ғана «Әдебиет танытқыш» арқылы сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндіреді. Бұл – бағасын жоймайтын, күн өткен сайын құндылығы жоғарылай беретін ғылыми еңбек. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Оның әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым екенін айта кеткен жөн. Ол 1923 жылы көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры және 1926 жылы қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Осыдан-ақ Ахметтің үлкен реформатор екенін аңғаруға болады. Тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев “Тұлғалар тұғыры” атты кітабында Байтұрсыновты ғасырдың ұлы реформаторы ретінде бағалайды. Алаш мұрасын зерттеуші ғалым Айгүл Ісімақова “Алаш әдебиеттануы” атты еңбегінде: “Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ Елінің тарихына зор бетбұрыс жасаған өзгерістердің ұйытқысы болды” дейді. Оның алаш азаматтарының қатарында болуы, ұлт ұстазы атануы, есімі Әлихан Бөкейханмен қатар тұруы осының дәлелі. Ахмет Байтұрсынұлының жаңашыл бетбұрыстары қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастыруға жол салды. “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деп қазақ журналистикасының іргесі бекіп, қабырғасы қалануына атсалысты. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет дүние екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Бұл аз десеңіз, Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Ол Абайдың қоғам өмірінің құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.Тіпті Байтұрсыновты ғалымдар қазақ тіл білімінің атасы ретінде де мойындайды. Оның бұл салаға сіңірген еңбегінің өзі ондаған томға жүк боларлық дүние. 1929 жылғы 8 наурызда өз қолымен жазған өмірбаянында Ахмет Байтұрсынов: «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен; екіншіден, қазақ алфавитін, орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жады тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ” газеті арқылы іске асты” дейді. Қазақ тіл білімінің жетіліп, дамуына және оның ана тіліміздегі іргетасын қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі – ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты саналуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Оның қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі мен мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазғаны ұлт үшін жасалған аса қайырлы іс еді. Оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш кітабы мамандар тарапынан жоғары бағасын алған.
Қазақтай ұлттың Ахметтей тау тұлғалы азаматы жалған жаланың құрбаны болады. Кеңестік кезеңде оның кітаптарын оқымақ түгілі, жұрт есімін атауға қорқатын. Тарих бәрібір шындықты жайып салды. Ахметтің есімін бәзбіреулер қаншама бүркемелесе де таудай тұлғасы уақыт өткен сайын зорая берді. 1991 жылы Есенбай Дүйсенбаевтың редакторлығымен Ахмет Байтұрсыновтың “Ақ жол” деген кітабы жарық көрді. Осы еңбекке қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рымғали Нұрғали “Алып Бәйтерек” атты мақала жазды. Ғалым онда: “Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – барша осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етуге арналған” – дейді. Бұл кітап шықпастан бір жыл бұрын, яғни 1990 жылғы 26 ақпанда Қазақ КСР Үкіметінің №78 қаулысымен республикадағы бірнеше көше мен мектепке ұлт ұстазының есімі берілді. Өйткені Байтұрсыновтың алынбас қамалға айналған өзіндік биігі бар еді. Ал Байтұрсыновтың биігіне жету үшін ұлт ұстазының деңгейіне жету керек. Ал ондай пайым мен парасат миллионның бірінде болмаса, мыңның бірінде кездеспейді.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


06 ақпан 2020 ж. 1 293 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930