» » ДАЛА ДАНЫШПАНЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

ДАЛА ДАНЫШПАНЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

“Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт, осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің”.

Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Бұған дейін алаш тақырыбына қатысты бірнеше мақала берген едік. Бүгін жалған жаланың құрбаны болып, “халық жауы” атанған зиялылардың ішінен алғашқы болып ақталған Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы айтатын боламыз.

Абайдың ақындық мектебінен өткен Шәкә­рім­­нің өлеңдері қазақтың эпикалық иірім­де­рі­мен байланысып жатады. Оқып ұғынғанға ай­тар ойы бар, мағынасы терең, тұла бойы пәл­сапаға толы туындылар Құнанбайдың тұңғышы Құдайбердіден өрбитін Шәкәрімде баршылық. Мақаланы ақынның өз өлеңімен эпиграф ретінде бастауымыздың сыры осында жатыр. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылғы 11 шілдеде дүниеге келген. Жас күнінде әкесі қайтыс болған Шәкәрім Құнанбайдың, сонан соң Абайдың тәрбиесін көреді. Елге сыйлы атасы мен жұрт құрмет тұтатын ағасының тәлімін алған Шәкәрімнің өзі де көпшілік қадірлейтін жанға айналады. Оның ақын ретінде өсіп-жетілуі үшін Абайдай дананың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айта кеткен жөн. Бұған қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі “Абай жолы” роман-эпопеясын оқыған кез келген адам көз жеткізеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов “Ұлттың ұлылығы ұлы тұлғалармен танылады. Ұлы Абайдан тағылым алған ғұлама ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлы – сондай дана да дара тұлғалардың бірі” – дейді. Ғалымның айтқаны біздің сөзіміздің дәлелі іспетті.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастаған. Бұл жайында өзінің “Мұтылғанның өмірі” атты автобиографиялық өлеңінде жазады. Ғалым­дардың айтуынша, Ш.Құдайбердіұлы төрт-бес жыл көлемінде қара танып шықса керек. Бұдан кейін еш мектеп оқуынан өтпесе де, былайғы өмірі де өнер-білім қуған жастың өсу жолын аңғартады. Домбыра тарту, гармонда ойнау, қаршыға, бүркіт баулып, саятшылық, жасау, сурет салу, өлең жазу, ғылымға құмарлану, қалтасындағы сағатының механизміне дейін ақтарып-төңкеріп отырып, тоқтап қалса, өзі жүр­гізіп алатын жағдайға жету, киімді өзінше тігіп киінуі – міне, бұның бәрі сегіз қырлы, бір сырлы адамның қолынан ғана келетін іс. Бір сайлау мерзімі болыс болып та көреді. Артынша ол «еріксіз жемтік шоқыдым», «ар кетіп, айла жамылдым» деп опынады, ұлық болуды дәреже көргеніне өкінеді, ғылымнан жырақтағанына на­лиды.
Абайдың ақындық мектебінен тәлім алған Шәкәрім өлең әлемінде өзіндік өрнек қал­ды­ра­ды. Бірде:
“Ескiден қалған сөз терiп,
Өз ойымнан өң берiп,
Yйретудi жөн көрiп,
Түзетпек едiм адамды”, – деп тебіренсе, енді бірде Аллаға сыйынған адамның ертеңі жарық болатынын айтады. Дін жолын терең меңгеріп, қажылыққа барып, қажы атанған ғұламаның мына бір өлең жолдары сөзімізге дәйек бола алады деген ойдамыз.
“Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес.
Белін бекем буғанның белі талмас,
Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес”.
Шәкәрімнің ауыл молдасынан кейінгі мектебі де, университеті де Абай берген тәлім мен қазақы тәрбие екені белгілі. Мұхтар Әуезовтің зерттеуі бойынша, Абай «Орыстың белгілі жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков, Щедрин, Некрасов: сыншыл-ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Байрон, философтардан: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған». Бұл қаламгердің 12 томдық шығармаларында жазылған. Енді Шәкәрім Құдайбердіұлы өз тарапынан ізденіп оқыған ғылыми қайнарларға келсек. Бұл туралы 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі кітабында ол былай деп жазады: «Окыған кітаптарымның мұсылманшасы: тәбри-тарихи ғұмуми, тарихи ғұсмани, тарих антшар аласлам, Нәжип Ғасым­бектің “Түрік тарихы”, Әбу Алғазы Баһа­дүр ханның жазған шежіре түрік және һәр түрлі кітаптардан алынған сөздер; орысша кітап­тардан окығаным: Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түркі нәсілі туралы, дүниедегі һәр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірілген сөздері. Оның ішіндегі түріктің ең ескі заманындағы шежіре кітаптары “Құтадқу білік”, “Қошу чидам” деген кітаптардың сөзі және араб-парсы-рум-еуропа жазушыларының сөзі» дейді. Тіпті ілімнің соңында жүріп Меккеге де барады. Түркияға аялдап, Стамбул кітапханасындағы жауһарлармен танысады. Осыдан-ақ Шәкәрім­нің қан­шалықты дегдар адам болғанын біле беріңіз.
Зерттеуші, филология ғылымдарының док­­торы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы өзі­нің “Шәкәрім әлемі” атты еңбегінде: “Ойшыл су­рет­кер Шәкәрім әр шығарманың көркемдігімен қатар, ең алдымен, оның түпкі дәніне, айтар ойына зер сала қарады. Әр шығармадан өзіне керекті ой маржанын көре білді, өз ойына тұғыр болатын тиянақ түйінін тапты” деп ой тұжырады.
Абай орыс әдебиетіне ден қойып, оларды қазақ тіліне аударса, Шәкәрім де ұстазының ізімен жүрген. Абай салған соқпақпен 1908 жылы А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» шығармаларын өлең түрінде аударады. Ал прозалық туындының поэтикалық шығар­маға айналуы дүние жүзі әдебиетінде сирек ұшырасатын құбылыс. Лев Толстой насихат­таған әділет, ар жолы қазақ ақынының ойымен са­бақ­тасып жатыр. Шәкәрім онымен рухани байланыста болып, хат жазған. “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деген Абайдың өлеңі оған үлкен ой салады. Өзі де қазақ баласы оқысын деген ниетпен оларды білім алуға шақырады. Оны ақынның:
"Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық” – деген өлең жолдарынан көруге болады. Ол жастарды ғылым-білім үйренуге шақырып қана қоймайды, қайта білгенінің жақсысын жасап, білмегенін үйренуге үгіттейді.
“Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегеніңді біле бер” – деп жырлайды. Бұл өлең жолдарынан Шәкәрімнің тек ақын ғана емес ойшыл екенін, айтқан әр сөзінің түпкі мағынасына ден қоятынын аңғару қиын емес. Бұдан оның ақын, философ, аудармашы екенін көреміз. Ол дін мен философия, ғылым салаларын игереді. 1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұ­ғыл­данады. 1911 жылы Орынборда “Түрік, қыр­ғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”, “Мұсыл­мандық шарты кітабы”, 1912 жылы Семейде “Қазақ айнасы” өлеңдер жинағы, “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” поэмалары басылып шығады. 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан қаза табады.
Кезінде Алаш арыстарының әдеби мұра­ларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Ор­та­лық Комитетінің арнайы комиссиясы айна­лысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді. Қаламгер Жарасбай Сүлейменов Жабайхан ағадан сұхбат алып, жалған жала­ның құрбаны болған зия­лыларды ақтау жұмыс­тары­ның қалай жүргенін республикалық «Егемен Қазақ­стан» газетіне жариялады. Жабайхан Әбділ­дин басқарған комиссия жұмысының нәти­жесінде алғашқылардың бірі болып Шәкәрім Құдайбердіұлы ақталған еді. Айтқанымыз дә­лелді болу үшін Жарасбай Сүлейменовтің сұх­батынан үзінді келтіріп, Жабайхан Әбділ­диннің сөзін назарға ұсынғанды жөн көрдік. “Орталық Комитет материалдарымызды қабыл­дап алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бюроға шақырту алдық. Бюро отырысын Г.Кол­бин жүргізіп отырды. Бірінші сөзді комис­сияның төрағасы ретінде маған берді. Мен комиссияның қорытындысына сүйене отырып, Ш.Құдайбердиевтің өмірбаяны, шығармашылық қызметі жайлы айтып бердім. Оның мұрасының халықтың рухани өмірінде алатын орнына тоқталдым. Сөзімді аяқтағаннан кейін бір-екі сұрақ болды. Оларға қысқа да нұсқа жауап бердім. Осыдан кейін Колбин: «Онда талқылауға көшейік, кім сөйлейді?» – деді. Сол-ақ екен, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М.Мирошник орнынан ұшып тұрып: «Комиссияның қорытындысымен келісуге болмайды. Шәкәрім Құдайбердиев ешқандай да ағартушы емес. Ол – контрреволюционер. Кеңес өкіметіне қарсы оқ атқан адам. Керек десеңіз, кулактарды көтеріліске бастаған. Сол қақтығыста мерт болған. Ал баласы Қытайға қашып кеткен. Құдайбердиев – Алашорда партия­сының мүшесі. Алашорда буржуазияшыл, ұлтшылдар мен контрреволюционерлер пар­тия­сы», – деді. Зал тым-тырыс. Ұшқан шы­бын­ның ызыңы естілгендей. Уақыт тоқтап қалған сияқты. Ешкім бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сәлден соң Нұрсұлтан Назарбаев, ол кісі сол кезде Үкімет басшысы болатын, үнсіздікті бұзып: «Бұған комиссияның төрағасы не айтады, жауап берсін», – деді. Г.Колбин маған қарады. Жағ­дай бұлай аяқ астынан ушығып кетеді деп ойлаған жоқ едім. Енді шегінетін жер жоқ екенін түсіндім. ­ – Мирошник жолдас бұл қызметке жа­ңа­дан келген адам. Көп жағдайдан хабарсыз. Қызметкерлері дұрыс ақпарат бермеген болуы керек, қателесіп тұр, – деп бастадым сөзімді. – Біз дайындаған анықтамада тек комиссияның ғана емес, Семей обкомы мен Абай аудандық партия комитетінің пікірлері де ескерілді. Біз зерттеу барысында 300 адамға сұрау салдық. Олар Шәкәрімнің көтеріліске еш қатысы жоқ екенін айтты. Шәкәрімді Қарасартов пен оның орынбасары өлтірген. Осы қанды оқиғаға куә болған қойшылардың бәрін қорқытып, көтерілісте соғысып жүріп өлді деген жалған құжат жаз­дырып алған. Сол кезде Шәкәрімнің жасы 75-те. Қандай қазақтың шалы 75-ке келгенде қол бастап, көтеріліске шығады. Осылай дей келіп, қызды-қыздымен Мәскеуде қайта құру ісі қызу жүргізіліп жатқанын, ал Қазақстанның қауіпсіздік органдары уақыт талабына ілесе алмай отырғанын да айтып салдым. Г.Колбин: «Басқа сөйлейтін кісі бар ма?» – деді. Ешкім үндемеді. «Онда комиссияның ұсынысын қолдайық», – деді ол бірден. Сол арада Ш.Құдайбердиевтің толық ақталғаны хабарланып, Әдебиет және өнер институтына бір жылдың ішінде оның шығармаларын басып шығару тапсырылды. Еңбегіміз жанды. Халықтың қуанышында шек жоқ. Егер біз ұтылып қалған жағдайда менің тағдырымның не болатыны бір Аллаға ғана аян еді. Бабалардың рухы қолдаған шығар, әйтеуір, Алла тағала аузыма дұрыс сөз салып, бір сыннан сүрінбей өттім. Әсіресе, сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының: «Төрағаның жауабын тыңдайық», – дегені мәселенің оң шешілуіне түрткі болғанына осы күнге дейін ризамын. Сол арада бәріміз үндемей қалғанда, мәселенің басқаша шешіліп кетуі де мүмкін еді. Әйтеуір, құдай сақтады», – дейді Ж.Әбділдин.
Мақаланы жазу барысында Халықаралық “Абай” клубы мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті бірігіп шығарған ақынның үш томдық шығармалар жинағымен таныстық. “Үзілмеген үміт” деп аталатын үшінші томында Шәкәрімнің қазасына байланысты мәліметтер келтірілген. Евней Букетовтің ­Абз­ал­ Қарасартовпен магнитафонға жазылған әңгімесі “Білмеймін Шәкәрімді кім атқанын” деген тақырыппен осында жарияланыпты. Бұл кезінде “Қазақ әдебиеті” газетіне де басылған. Мұнан бөлек Нұрымбек Жанділдиннің “Шәкә­рімді кім атты? Не үшін атты?” деген мақаласы берілген. Бұл туындыдан Шәкәрімдей қажы­ның жалған жаланың құрбаны ғана болып қалмай, асыл сүйегі көмусіз қалғанын, 20 жылдан аса уақыт құдықта жатқанын білеміз. Қаламгер Дәулет Сейсенұлы “Шәкәрім” деп аталатын ғұмырнамалық деректі хикаятында мақаламызға арқау болған тұлғаның өнегелі өмірі мен тағылымды шығармашылығына тоқталады.
Абай өзінің қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі – ақы­мақтық» деген. Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абай салған соқпақпен жүрген, ізін жалғаған, ғылым-білімге ден қойып, жастарды оқуға шақырған ағартушы. Жалған жаланың құрбаны болып, шығармалары жарты ғасырдан астам уақыт оқылмай, зерттелмей жатты. Бірақ оның дүниесі қазаққа керек ой жақұты еді. Ақыры, алтынның қаптың түбінде жатпайтыны секілді Шәкәрімнің өлеңдері де халқымен қайта қауышты. “Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған” – демей ме Абай. Шәкәрімнің өзі өмірде жоқ болғанымен оның шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілді. Семейдегі университетке есімі берілді. Бұдан бөлек еліміздегі бірнеше елде мекенде Шәкәрім Құдайбердіұлының есімімен аталатын көше бар. Мұның барлығы Дала данышпанына айналған тұлғаның халқымен бірге мәңгі өмір сүретінін айғақтайды.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


08 ақпан 2020 ж. 508 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930