» » Бастан құлақ садақа

Бастан құлақ садақа

Естімеген елде көп демекші, жолаушылап жүріп мына бір оқиғаны естіген едім.
Ертеректе қазақ даласында атағы алты Алашқа жайылған, малы мен байлығы басқалардан әлдеқайда көп екі бірдей бай болыпты. Ауылдары іргелес, қоралары қоралас болмаса да ен даланы бойлай жайылған есепсіз малы бір-біріне қосылуға шақ қалады екен. Содан бір байдың ақылына көркі сай, қос бұрымдап өрсе де тобықтан асатын қолаң шаш, оймақ ауыз, қастары қарлығаштың қанатындай хас сұлу қызы болыпты. Екіншісінің сәл тентектеу, байлықтың арқасында айналасына еркінсіп қарайтын өр мінезділеу ұлы бар екен. Күндердің-күні болғанда екі бай бір-бірімен құда болып, әлгі ауызға үріп салғандай аруды байдың тентектеу баласы алады.
Алғашында қыздың сұлулығына тәнті болған жігіт «әйелдің сұлулығы соры» – деп қос бұрымдап өрілген шашын түбінен қиып тастапты. Қызбен бірге ере келген жеңгелері өз елдеріне қайтқанда болған жайды түгел айтып береді. Оның мұнысына ашуланған қыздың әкесі жалғыз ұлын қасына ауылдың үлкендерін қосып, артынан қырық жігітті ертіп жібереді. Қыздың інісі әпкесі келін болып түскен ауылға жақындағанда өзі қырық жігітімен артта қалып, үлкендерді жол бастатады.
Қаруын сайламаса да айтар сөзін дайындап келе жатқан қыздың төркінін ұл жақтағылар күтіп алады. Мән-жайды білмек болып: «Біздің қызымызға неге жамандық жасадыңдар? Шаш әйел баласының көркі емес пе? Бұларың не?» – деп сауал қояды. Аттан түспестен осылай сөз саптап тұрғандарға не жауап айтарын білмей абдырап тұрғанда сол ауылдан ортаға бір кісі шығып: «Әй, шырақтарым, қыз жат жұрттық деген. Ол енді біздің адам. Өз байталымызға не істесек те өзіміз білеміз. Жалын қырқып күзейміз бе, түзейміз бе, ол иесінің ырқында», – деп жауап беріпті. Сөзден ұтылған қыз жақтағылар амалсыз кері қайтқан екен. Жолда тосып тұрған қыздың інісі мән-жайды түгел естіп, әпкесінің ауылына қайта баруға пәрмен береді. Жездесінің ауылындағы адамдар «Сендер неге келдіңдер, жаңа ғана сөзден ұтылып кетпеп пе едіңдер?» – дейді бұларды көре сала. Сонда қыздың інісі: «Мен келіндеріңнің інісі едім. Қазақ құдасын құдайдай сыйлаған. Әлде сендер ата дәстүрден мақұрымсыңдар ма?», – деп сұрақтарына сұрақ қоя жауап береді. Ә дегеннен сөзден тосылып қалған қарсы тарап тез естерін жиып, құда балаларын үлкен үйдің төріне шығарып, хан ұлындай күтеді. Қазақы ғұрып бойынша мал сойылып, алдарына ет келеді. Осы кезде ет турап жатқан жерінен қалтасынан бәкісін алған құда бала жездесінің құлағын кесіп тастапты. Жұрттың барлығы у-шу болып, үй іші астаң-кестең болып жатқанда: «Тоқтаңдар! Сендер байтал өзіміздікі, жалын күзесек те, түзесек те өзіміз білеміз депсіздер. Мен артық ештеңе істеген жоқпын. Тек сендердің әрекеттеріңе қарай айғырдың құлағына ен салдым» – деп жауап беріпті. Қатесін түсінген жездесі де “бастан құлақ садақа” деп өз кінәсін түсініпті.
Бұл жәй аңыз секілді оқиға ғана. Рас болуы да, ойдан шығарылуы да әбден мүмкін. Бірақ жезде мен балдыздың арасындағы әзіл, бір-бірін сөзден қағытып қалжыңдау бұрыннан бар. Сонымен қатар қазақ қос бұрымды қасиет тұтып, сұлулықтың символына балаған. Шашты тобығына дейін жеткізе өсіру бойжеткеннің сымбатын асыратын сәні саналған.

Ә. ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ
11 ақпан 2020 ж. 1 409 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930