» » ҚАЗАҚ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАРЛЫҒАШ БЕЙНЕСІ

ҚАЗАҚ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАРЛЫҒАШ БЕЙНЕСІ

Қазақ қашаннан қарлығашты киелі құс санайды. Ол туралы айтылар аңыздар да бұл сөзімізді қуаттай түсері анық. Кешегі Төле бидің «Қарлығаш әулие» атануының да астарында құстың бұл түрін тек қазақ халқы ғана емес, өзге елдердің де қастерлегенін аңғаруға болады. Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңінде шаңырағына бейкүнә құстың ұя салғанын, оны бұзуға қолы бармаған бидің бұл сөзіне таңырқаған қолбасшы «Шын әулиенің өзі екен» деп еліне де көз алартпапты. Иә, айта берсек, қарлығаштың адамзатқа жасаған жақсылығы хақында айтылар аңыз көп. Жер бетін топаң су басқанда Нұқ пайғамдардың кемесін апаттан аман алып қалған да, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған да осы құс еді.

Дерек көздерге сүйенсек, Арк­тика мен Антрактидадан басқа аймақ­тарда кеңінен таралған қарлығаштың 20 туысқа бірігетін 79 түрі бар көрінеді. Ал елімізде оның тек бес түрі ғана мекен етеді. Дене бітімі сымбатты құстың саусақтары қысқа әрі әлсіз болып келеді. Жерде жүруге епсіз болғанымен керісінше аспанда ұшу қабілеті жоғары. Тіпті аспанда ұшып жүріп-ақ өз қорегін ұстап жей береді. Ашық күндері биікке қанат қақса, жауын-шашын болар алдында жер бауырлап ұшатын көрінеді. Сондықтан ертеректе бабаларымыз қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райын алдын ала болжап отырған.
Киелі құстың басқа құстардан басты ерекшелігі, құйрығы айыр болып келеді. Оған қатысты қазақ ертегісінде жақсы аңыз бар. Жылан барлық сүтқоректілер мен бауырымен жорғалаушыларға өз сырын айтып, мұңын шағады. Сонда ол «Тәңір сендердің барлық мүшелеріңді бүтін етіп жаратқан да, мен байғұсты аяқ-қолы жоқ етіп қойған. Тілімнің өзі екіге айырылған, сөзіңнің жаны бар, мұндай тауқыметті көп тартқандар әділ келеді, сондықтан біздің бәрімізге патша бол деп сөзбен жұбатып жатқан ешқайсысың жоқ» дейді. Жанды-жансыздың барлығы жыланға аяушылық танытып, «Қара қылды қақ жаратын ақылшымыз бол» деп өздеріне патша етіп сайлайды. Билік құрған жылан бір күні барлық тіршілік иесін жинап алып «Жер бетіндегінің барлығының дәмін татып, қайсысы ең тәтті екенін айтыңдар, тіпті қаттыдан тастың, жұмсақтан топырақтың да дәмін татыңдар, ең дәмдісі менің күнделікті асыма айналады» дейді. Бірде қарлығаш ұшып бара жатқан масаны көреді. Сөзге тарта масаттанған масаның ненің дәмін ең тәтті деп ой түйгенін білгісі келеді. Бақса, ол адамның қанын алып бара жатыр екен. Өзі де көргісі келгенін айтқан қарлығаштың сөзін маса жерге тастамай аузын ашқанда киелі құс қанды төгіп, масаның тілін жұлып алады. Патша алдына барғанда маса ызыңдап ойын жеткізе алмайды. Мынау жынданған ба деген патшаға қарлығаш «Бәрі де түсінікті түрлі өсімдіктің өсіп шығуына сеп болған топырақтан дәмдісі жоқ екенін айтты» дейді. Тілі жаралы маса мұны естігенде одан бетер ызыңдай кетеді. Бір нәрсені патшаның білгенін сезген қарлығаш ұша жөнеледі, жылан құйрығын тістеп алады.
Қазақ ертегісінде қарлығаштың айыр құйрығына қатысты осындай түсінік бар. Сондай-ақ ауырған айдаһарға байланысты да аңыз кездеседі. Бірақ тура біз секілді құстың бұл түрін қастерлейтін эстон елінің халық ертегісі бұл жағдайды қос ғашықтың өмірімен байланыстырады. Екі жастың бақытын көре алмаған пері өзінің қызын сиқырлап балаға қосады да, қызды қарлығашқа айналдырып жібереді. Той үстінде қарлығаш жігіттің иығына қонып перінің қызының құлағындағы сырғаны үзіп түсіреді. Тойдың шырқын бұзған қарлығашты жұрт пышақ, балта лақтырып қуады. Әлгі заттардың бірі құстың құйрығын кесіп түсіріп, содан айыр болып қалған деседі.
Бұрынғыдан жеткен осындай түсініктегі аңыз-әңгімелер көп. Мұндай аңыз-әңгімелерге қарап қарлығаштың қасиетті құс екенін әсте жоққа шығара алмайсыз. Сондықтан құстың бұл түріне қатысты қазақ әлемінде жақсы түсінік қалыптасқан. Оның үстіне қарлығаш оба, безгек, тырысқақ аурулары тараған жерді мекен етпейді екен.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

16 ақпан 2020 ж. 1 238 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930