» » Әйтеке биден қалған сөз

Әйтеке биден қалған сөз

Қазақ халқында әділ қазылығымен танылған үш бидің бірі – Әйтеке бабамыз. Ел арасында “Әйтеке би айтыпты” деген нақыл сөздер мен ол шешкен даулы мәселелер әлі күнге дейін айтылып жатады. Бүгін соның бірқатарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Әз Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабыл­да­ғаннан кейін Төле, Қазыбек, Әйтеке сын­ды билерді сынамақшы болып, “қай­сы­сы қандай жауап берер екен?” – деп тіл қа­тады.

– Дауға билік айтқанда, алдымен жасы үлкеннің бастауы, жасы кішінің қоштауы жөн бе, әлде жасы кіші бастап, жасы үлкеннің қоштауы жөн бе?
Сонда ұлы жүз биі Төле:
– Төбеде тұрған кісі төрт жағын түгел көргенде, төменде тұрған екі жағын, беткейде тұрған бір жағын әрең көреді. Сондықтан жасы үлкеннің, оңы мен солын, алды-артын болжаған ағаның алдымен билік айтқаны дұрыс қой, – депті.
Орта жүз биі Қазыбек би тұрып:
– Жасы үлкен аға төреші бола алмайды. Себебі, оның артында қаймығары жоқ. Жасы кіші іні де төреші бола алмайды. Себебі артында қайырылары жоқ. Сондықтан ал­дында қаймығарлық ағасы бар, артында име­нерлік інісі бар, алды-артына қарайлап, билігін абайлап жүргізетін ортаншы бидің төрелік айтуы орынды ғой, – депті.
Ең соңында кіші жүз биі, әрі жасы кіші Әйтеке:
– Ағасы келсе, ардақтап атын бай­ла­ғандай, қонағы келсе, құрметтеп жай­лан­ғандай, тындырымды інісі болса, қанаты-құйрығы сай болып, көңілі жай болып, ағаның алар тынысы болса, інінің міндеті басқару, ағаның реті бас бағу емес пе? – деген екен.
Осы мәжілісті басқарып отырған Тәуке хан билердің, әсіресе, Әйтекенің берген жауабына риза болып, шын ықыласын біл­діріпті.
* * *
Әйтеке би бірде Қаздауысты Қазыбекке келіп сәлем береді. Бұл Әйтекенің жастау кезі болса керек.
– Уа, бала! Атадан жақсы ұл туса – елдің туы болады, жаман ұл туса – соры болады деуші еді. Соның қайсысы боласың? – дейді Қазыбек.
– Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады, шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деуші еді? –дейді Әйтеке.
– Иншалла, қазынамыз, – дейді Қазыбек.
– Ендеше, біз елдің туымыз! – дейді Әйтеке шешен.
* * *
Әйтеке би бір жолы ұлы жүзге құн даулай келеді. Төле би қарсы алып:
– Биеке жол болсын? – дейді.
– Айтқаныңыз келсін, би! Жол болмақ сізден болсын!
– Тірімен танысқалы келдік, өліге бо­лысқалы келдік, – дейді Әйтеке.
– Бұйрығыңызға құлдық. Қылышыңыз болса – мойнымызға, құшағыңыз болса – қойнымызға, – деп Төле орнынан тұрады.
– Биеке, мойын бұрмас па екенсіз?
– Жарлық сізден болған соң, жабдық бізден!
Төле би тысқа шығып кеткен соң Әйтеке бірге келген жолдастарына:
– Сіздер не ұқтыңыздар? Ердің құны екі ауыз сөз деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды, – депті.
– Оны қайдан білдіңіз? – дейді жол­дас­тары.
– «Қылышың болса мойныма» дегені – айыбын мойындағаны. «Құшағыңыз болса – қойныма» дегені – кісінің құнына жасаулап қыз беремін дегені, мен тұспалдап айнып қалмайсыз ба деп едім, «Сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік» деп шығып кетті, – деп мән-жайды түсіндіріп беріпті. Айтқандай-ақ, Төле би құн даулай келген қонақтарын отаулап, жасаулап қыз беріп, екі-үш күнде разы етіп қайтарыпты.

Әзірлеген Е.ӘНУАРҰЛЫ


25 ақпан 2020 ж. 896 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930