» » ҚАРА ЖЕРДІҢ КЕМЕСІ, ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ

ҚАРА ЖЕРДІҢ КЕМЕСІ, ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ

«Мал өсірсең, түйе өсір, өнімі оның көл-көсір». Қазақ үшін төрт түліктің ішіндегі киелісі де, қадірлісі де осы түйе жануары. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде ойсылқараның тұқымы тым азайып кеткен. Тіршілік етіп, өсіп-өнетін мекеніне қарай «Шөл кемесі» деген атау алған түйе түлігін көбейтуді бүгінде көп өңірлер қолға ала бастады. Түйенің сүті мен еті, тіпті шудасының өзі адам денсаулығына пайдасы зор және бұрындары тұрмысқа аса қажетті заттар да түйе терісінен жасалыпты. Сондықтан атакәсіпті жалғастырып, мал шаруашылығын өркендетіп, табиғи өнім өндіруді көздегендердің ішінде түйе өсіруге ниеттілердің қатары көбейіп келеді. Мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге арналған 2017-2021 жылдар аралығын қамтитын бағдарламасы аясында түйе өсіремін деушілерге мемлекет қазынасынан түліктің әр басы үшін 100 мың теңгеден субсидия беріліп отыр.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Аққыр ауылының оңтүстігі Қызылқұммен шектесіп жатыр. Жайылымы болса шөлді-шөлейтті жерлер түйе өсіруге қолайлы. Аққыр ауылындағы «Сайлау» шаруа қожалығы сол мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып отыр. Алайда шаруашылық түйе басын көбейтуді мемлекет есебінен емес, өз қаржысымен жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, бұл кәсіп әкеден балаға ауысқан. Бір кездері ауданымыздағы мал шаруашылығының өркендеуіне зор үлес қосып, Аққыр қаракөл-қой совхозының озат шопаны атанған Сайлау ақсақал Қызылқұмда қаркөл тұқымды қоймен бірге түйе түлігінің де басын көбейткен.
– Бұл – атадан қалған кәсіп. Түйе өнімінің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Халқымыз түйе сүтін мыңдаған жылдардан бері шипалы сусын ретінде пайдаланып келеді. Шұбаты дертке дауа, бойға қуат береді әрі ағзаға сіңімді. Қоңды түйелердің өркешіне жинайтын құнарлы майдың өзі адам ағзасына қажетті дәрумендерге өте бай. Еті де майлы емес, жеңіл қорытылады. Шудасы да түрлі ауруларға ем, тіпті радиациялық сәуледен қорғайтын қасиеті бар. Аталарымыз түйенің мойнағынан, яғни мойын терісінен қайыс тіліп, түрлі тұрмыстық бұйымдар жасапты. Айта берсек, ойсылқара тұқымының мал шаруашылығындағы орны ерекше. Түйе өсірудің пайдасымен бірге қиындығы да бар. Көбі түйе жануарын далада өз бетінше жайылып, көбейе береді деп ойлайды. Жоқ, олай ойлағандар қателеседі. Түйе екі жылда бір рет боталайтын өсімсіз жануар. Оның үстіне жаңа туған ботасы басқа жануарлардың төліндей ширақ емес, тым нәзік, әлсіз болады. Бір аптаға дейін тірсегі бекімейді. Ерекше күтімді қажет етеді. Түйенің де басқа түліктер секілді маусымдық мезгілдерде кездесетін қауіпті аурулары болады. Мәселен, ста­филакоккоз, күл, ботатаз деген аурулардан бір келе түйе бір мезгілде қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан біз сол аурулардың алдын алып, уақытылы екпе жасатып отырамыз. Алдағы уақытта түйе басын асылдандырып, өнімін нарыққа шығару жоспарда бар, – дейді шаруашылық төрағасы Болатбек Ойнаров.
«Сайлау» шаруа қожалығында қазірде 50-60 бас түйе бар. Шаруашылықтың берекелі де ширақ жұ­мы­сын көргенде алдағы уақытта бұл көрсеткіштің жо­ғарылайтынына көз жеткізе түсесіз. Шаруашылықта тек түйе ғана емес, жүзге тарта қой мен сиыр бар. Оларға да күтім жасап, өнім алып отыр. Бірнеше жыл бұрын Арал ауданынан 4 асыл тұқымды бұқа алып келген. Бүгінде сол зеңгі баба түлігінің асылтұқымды аталығы мал басын ірілендіріп, шаруашылықтың өркендеуіне жол ашқан. Сиыр басы 110-ға жетіпті. Соңғы жылдардағы төлдер ет бағытында бұрынғыдан екі есе мол өнім беріп отыр екен.
– Жылына оннан аса түйе боталайды. Тәулігіне 5-6 мезгіл сауамыз. Аналық түйе өте сезімтал болады. Сондықтан інгенді әбден идіріп алмаса, басқа түліктей емес, жарытып сүт бермейді. Түйе сүті ұйымайды және ұзақ уақытқа дейін бұзылмайды. Оның қасиеті де осында болса керек. Түйе сүтінен ашытқан шұбат – әрі сусын әрі тамақ. Емдік қасиеті өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, түйе түлігі бір отбасына ғана емес, бүкіл елге береке үйіреді, – дейді Сайлау ақсақалдың келіні Рахима Жақсымова.
Иә, төрт түліктің төресі – түйені өсіріп, оның ба­сын кө­бейту кез келген адамның қолынан келе бер­мейді. Көзге көрінбегенімен күтімі көп. Бірақ бей­нетіне төзіп, пайдасын көремін деген азаматтарға мал ша­руа­шы­лығының ойсырап тұрған бір бүйірін ойсыл­қарамен бү­тіндеуге қазірде мүмкіндік мол.

Қуат АХЕТОВ
14 наурыз 2020 ж. 760 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930