ЖЕКДУАДАҚ
Жекдуадақ – дуадақтар тұқымдасына жататын, дене пішіні орташа, салмағы 1-2,5 келіні құрайтын құс түрі. Шөлді аймақтарда онша көзге түсе бермейді, бірақ ұшқан кезінде бірден байқалады. Қанатында ақ және қара жолақтары бар ірі құс. Әсіресе сәуірдің басында таңертең аталықтың ойнақ салуы таңқаларлық көрініс: жайылған ақ-қара жағасы құстың артына тастаған басын жасырып тұрады, шұғыл дірілдеген қозғалыс, бұл көріністің ғажайыптылығын одан әрі күшейтеді. Сондықтан оны кейде "Сұлу дуадақ" деп те атайды. Ұшу жылдамдығы сағатына 40 шақырымға дейін жетеді. Жекдуадақтың ең сүйікті мекендейтін жері – балшықты жазықтықтың құммен шектескен жиегі, бірақ ол құмның ортасында, Бетпақдала мен үстірттің ортасындағы тақырда да мекендейді. Қазақстанда мекендейтін жекдуадақтар қыс мезгілінде Арабия, Иран, Ирак, Пәкістан шөлдеріне ұшып кетеді. Ол жақта олар атақты араб қыран аң аулауының қызығушылық нысаны болады. Осы аулаудың зардабынан бұл құстың саны азайып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. Қазірде жекдуадақ Сыр бойында, Жалағаш аумағының жабайы табиғатында сирек болса да кездеседі.
(Ғаламтор матриалдары негізінде әзірленді)
(Ғаламтор матриалдары негізінде әзірленді)