Ақбөкендерге қамқор болайық! Ақбөкендердің табындары жүздеген, мыңдаған бастан тұрады. Әдетте табынды текелері емес, ұрғашы киік бастап жүреді. Текелер күйек біткеннен кейін табынға көп қосыла бермейді, әсіресе киіктер төлдейтін кезде олар жеке жиналып, бөлек табынмен жүреді. Киіктер мамыр айының 10-15 аралығында жаппай төлдей бастайды, осы кезде ауа райы бұзылып, міндетті түрде жауын-шашын болады. Қазақтар оны «құралайдың суығы» деп атаған. Киік әдетте төлді егізден туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жаламайды, шарана жауынның суымен шайылып немесе жел қағып, кеуіп кетеді. Далада келе жатқан кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді. Зоолог мамандардың айтуынша, киіктердің басқа жануарларға ұқсамайтын тағы да бір ерекше қасиеті бар. Ұрғашы киіктер дүниеге әкелетін лақтарының еркек немесе ұрғашы болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып жатса, сол жылы табында кілең еркек лақтар туады. Киіктер осылайша өз өсімін өздері бақылап отырады.«Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-сі желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында қардың қалың болуына байланысты ақбөкендерді браконьерлерден қорғау мақсатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен рейдтер ұйымдастырды. Сондай-ақ, мекеме жабайы жануарларды қардың қалың болуы, күннің қатты аязды болуына байланысты азықпен қамтамасыз ету мақсатында 2-тн күріш қалдықтары жануарлар көп шоғырланатын алқаптарға арнайы астауларға салынып беріледі. ҚР Үкіметі ақбөкендерді 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енгізген. Өсімтал жануар күтімі көп, қорғауы жақсы болса, санаулы жылдардан соң саны қайта көбейіп, әлі-ақ даламыздың сәнін келтірері сөзсіз. Қорыта келгенде Қазақстанның әрбір азаматы жануарлар дүниесін қорғауға, сақтауға міндетті.С.Табынбай, «Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің орман күзету және қорғау жөніндегі орман патологы инженері. Қоғам 03 наурыз 2018 ж. 1 875 0