АРАЛ БЕКІРЕСІ
Табаны құрғаған Арал теңізінің тартылуынан толқынында тулаған балығы тұрмақ, адамзат баласының өзі көп қасірет шекті. Табиғи жолмен, адам қолымен құрғап, жоғалып кетіп жатқан қаншама айдын көлдер қойнауындағы балығымен бірге адамзаттың ырыс-несібесін де кемітіп жатыр. "Су жағалағанның өзегі талмайды" дегенді айтқан бұрынғылар су астында адам игілігіне жарайтын береке, байлық бар екенін біліпті. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Арал теңізінің балықшылары батысқа бір күнде 24 вагон балық жөнелтіп, Волга бойындағы миллиондаған адамды аштықтан аман сақтап қалғанының өзі сөзімізді дәлелдей түседі. Бірақ біз көбіне бардың бағасын білмейміз. Еліміздегі теңіздер мен өзен-көлдерден күніне қарақшылық жолмен қаншама тонна балық ауланады. Оған тұрмыстық қалдықтар мен мұнайдың төгілу салдарынан ластанған судағы қисапсыз қырылған желбезектілерді қосыңыз. Сөйтіп, аулауға тиым салынған балықтардың өзі бұл күнде жоғалудың аз-ақ алдында тұр. Солардың бірі – Арал бекіресі.Арал бекіресі Арал, Каспий теңіздерінде кездеседі. Балқаш көліне жіберіліп, жерсіндірілген. Оның етінің дәмділігі мен тағамдық қасиеті жоғары. Дене тұрқы – 210 сантиметр, салмағы – 60 келі. Аталығы 9-13, аналығы 13-16 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Уылдырығын шашу үшін сәуір-қараша айларында өзендерге өрлейді. Өзендерде қыстап шығып, наурыз-мамыр айларында су температурасы 10 градустан асқанда уылдырығын ағысы қатты қайраңдарға, тасты, қиыршық топырақты жерлерге шашады. Тіршілік ету ортасына сәйкес Арал бекіресінің қорек құрамы өзгеріп отырады. Арал бекіресінің еті өте дәмді және уылдырығы да бағалы келетін кәсіптік түр болғандықтан бұрын көп ауланып, саны азайып кеткен. 1996 жылы қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді.
Қуат АДИС