Сүтке жалбыз салып жіберсе, ашып кетпейді
Піскен сүтке 1 ас қасық тұз салып жіберсеңіз, дәмі бүлінбейді әрі сақталу уақыты ұзарады.
Өзіміз көрмедік, бірақ кейбір апаларымыздың сөздерінен бұрынырақта ағарғанның ашып, бұзылып кетпеуі әрі салқын болып тұруы үшін ішіне құрбақа салады деп еститінбіз. Мұның енді қаншалықты шындыққа жақын екенін тек көргендер, жасағандар ғана айта алады.
Ал қазіргі кезде тоңазытқыш кез-келген үйден табылатындықтан айран-сүтті қалай сақтаймыз деген уайым аз. Дегенмен кейде түрлі жағдайларға байланысы, тоңазытқыш бұзылып, жарық сөніп қалып немесе кішкентайлар үшін бөтелкеге құйып алыс жолға алып шыққанда ағарғанның күннің ыстығында тез бұзылып кетіп жататыны бар. Бірақ адамнан қулық артылған ба? Мұның да алдын алуға болады екен.
Ендеше ағарғанды балғын әрі тәтті күйінде ұзақ сақтаудың қарапайым құпияларымен бөліскелі отырмыз. Сүт ашып кетпеу үшін...
Қайнату. Қажетті, пайдалы тағамды бұзып алмай сақтау үшін жай ғана зарарсыздандыру рәсімін жасау қажет,. Яғни пісіріп, шамалы қайнатып алған дұрыс. Қайнатылған сүт салқын жерде тұрса, кем дегенде 3 күн өз қалпын сақтайды. Сүтті ұзақ қайнатудың тағы бір пайдасы, осы өнімдерде көбірек кездесетін сальмонеллез ауруының алдын алады.
Қант. Сүтті қайнатқанда екі түйір қант салып жіберу керек. Бұл әдіс әсіресе күнделікті жаңа сауылған сүттің табылуы қиын қалалық жерлерге өте тиімді.
Тұз. 1 литр тетропакеттегі немесе піскен сүтке 1 ас қасық тұзды салып жіберсеңіз, дәмі бүлінбейді әрі сақталу уақыты ұзарады. Тұз - уақыт сынынан өткен тамаша қоспа.
Ақжелкек (хрен). Сүтті ұзақ сақтаудың тағы бір тәсілі - орташа көлемдегі бірнеше ақжелкек жапырақтарын піскен сүтке салу керек. Ол үшін - жапырақты жақсылап, тазалап жуып, кептіру қажет.
Жалбыз. Бұл да сүтті тез ашып, бүлінуден сапқтайтын өсімдіктердің бірі. Тура хрен жапырақтарын пайдаланғандай жолмен қолдану керек. Бұл екі өсімдік те сүттің дәміне ешқандай әсер етпейді.
Ас содасы. Сүтті барынша ұзақ сақтау үшін ас содасын да пайдаға асыруға болады. Ол үшін піскен сүтке (1л - 1 шым-шым) сода салу керек. Тек одан көп салып жіберсе, сүттің дәмі бүлінеді.
Ыдыс. Сүттің ұзақ әрі жаңа қалпында сақталуының бірден бір себебі құйылған ыдысқа байланысты екенін естен шығармаған абзал. Ол үшін мүмкіндік болса шыны, фарфор және саз балшықтан жасалған ыдыстар пайдаланған жөн.
Ақ ірімшік (творог) Сүт өнімдерінің ішінде ең тез бұзылатыны - ірімшік. Сондықтан оны шыны құтыда сақтаған дұрыс. Ол үшін алдымен шыны құтыны залалсыздандырып алу қажет. Содан кейін құты ішіне 1 шай қасық шамасында тұз салу керек. Үстінен ірімшік арасында ауа қалмайтындай етіп нығыздай отырып салынады. Бетін тұзды суға малынып алынған үлдірмен (марля) жауып, қақпағын бекітіп, үстін ауырлау затпен бекітіп қойған дұрыс.
Ірімшік (сыр). Ірімшік өзінің бастапқы балғын қалпын ұзақ сақтау үшін, 1 түйір қантты ірімшікпен қоса жұқалтыр (фольга) қағазға орау қажет. Ірімшік - "тірі" өнім болып есептеледі. сондықтан оған ауа қажет. Сол үшін ірімшікті ораған жұқалтыр қағазға ауа кіретіндей бір екі тесік жасап қою керек.
Егер ұзақ жолға өзіңізбен бірге қаймақ, ірімшік, т.б. сияқты сүт өнімдерін алып шығу қажет болса, олардың балғын қалпын сақтау үшін алдымен оларды алып жүретін ыдысты сайлап алу керек. Ол үшін аузы нығыздап жабылатын герметикалық ыдыс қажет. Ішіне қажетті азық-түлікті салған соң ыдысты төңкеріп, яғни бетін төмен қарай қаратып, 1 сағат шамасында тоңазытқышқа, болмаса мұздатқышқа салып алу керек.
Мұндай әдістің басты ерекшелігі, құпиясы - теріс қарата төңкеріп қоюында. Өйткені осылайша төңкеріп мұздатқан кезде ыдыс ішінде вакуумдық "жастық" пайда болады, ол өнімнің балғындығын бұзатын бактерияларға түзілуге мүмкіндік бермейді.Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,