ЕЛБАСЫ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯ АКТИВІ
Достық үйінің мәжіліс залында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуін насихаттауға арналған облыстық ассамблея активінің отырысы өтті.
Оған облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқу-ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Абайбек Жүнісов, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасы басшысы Темірлан Қожаназаров, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Молдырай ымов, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, жастар қанаты, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, облыстық, қалалық Қоғамдық келісім кеңесі, қаладағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив отырысының модераторы облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы болды. Маңызы жоғары жиында алғы сөзді Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқу-ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Абайбек Талғатұлы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасы төңірегінде сөз сөйледі. «Білім беру дамыту мәселесі оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ті Елбасы Үндеуіндегі алдағы уақытта салмақты да жауапкершілікті міндеттерді жүзеге асыратын болады.
Қазір еліміздің ЖОО-да 530 мыңнан астам жастар білім алып жатса, олардың 30 пайызы мемлекеттік білім грантының иегерлері. Осыған орай Президент білім беру жүйесіндегі сұранысқа ие мамандықтарға грант көлемі көбірек бөлініп, басым бағытпен оқытылатын болады деген еді. Осы мақсатта 2013 жылдан бастап облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен аймақтың дамуына қажетті мамандықтардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, білім гранттарын бөліп келе жатыр. Бүгінгі күні біздің оқу ордамызда 428 студент облыс әкімі грантымен қамтылған. Биылғы жылдың жазында олардың 145-і оқуды тәмамдамақ. Облыс әкімінің гранты негізінде білім алып жатқан студенттердің дені техникалық сала мамандары»,- деді.
«Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасы бойынша сөз сөйледі. «Ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде маңызды. Елбасы бастамасындағы жаңа жүйенің тиімділігіне тоқталар болсақ, соңғы он жылда адам басына шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға өсті. Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Облыс бойынша бүгінгі күні 173 отбасы банк арқылы үй жағдайын жақсартып отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ипотекалық несиенің 76 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүргізілді. Алдағы уақытта Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысында бірнеше ұсыныстар әзірленді. Сол бағытта қарқынды жұмыс жүргіземіз», - деді.
Сонымен бірге, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бастамасы бойынша облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасы басшысы Темірлан Қожаназаров, шағын несие беруді көбейту бастамасы төңірегінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Молдырайымов баяндамаларын жасады.
Жиынға қатысушылар Елбасының кезекті Үндеуінің 5 бағыты туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, сананы жаңғырту, жаңа заманға сай болу жолындағы маңызы жоғары мәселелер талқыланды. Қатысушылар тарапынан сала басшыларына біршама сауалдар қойылды. Тұщымды жауаптар алынды.
Актив отырысын облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі
Пікір 2