» » ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Дәл қазіргі тұста дүниежүзін алаңдатқан бір ақ үрей бар. Ол – қанша жанның өмірін қиған коронавирус инфекциясы. Соңғы кезде бейбітшіліктің бедері бұзылмаған біздің ел де осы індетпен күресуде. Өйткені аты жаман ауру Қазақстанды да айналып өтпеді. Былтыр көктемде басталған індет сәл толастаған сияқты еді, енді көктем шығып, тіршілік жаңарғанда ол да күшіне мінуде. Республика аумағында соңғы бір тәулікте вирус жұқтырған екі мыңға жуық науқас тіркелсе, оның он сегізі біздің аймақтан екен.
Тарқатып айтсақ, өткен тәулікте республика бойынша 1921 адам коронавирус індетін жұқтырса, оның ішінде Қызылорда облысының тұрғындары бар екені анықталды. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда көп болып отыр. Науқастардың саны жағынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы алдыңғы қатарда тұр. Яғни бүгінгі мәліметпен 611 адам алматылық, 368 адам нұр-сұлтандық. Ал біздің аймақта жиырмаға жуық. Бірақ бұл біркүндік қана статистика. Әлем ғалымдары қайта өршуі мүмкін деген індет тағы да адамзатты әбігерге сала бастады. Әсіресе дертпен бетпе-бет келген әрбір науқас үшін жанын шүберекке түйген, бар күш-жігерін науқастардың саулығы жолында жұмсаған медицина мамандары бұрынғыша қарбалас күйге түсті деуге болады. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің қайта өршуі мүмкіндігін ескерткен болатын. Осы болжамды ескере отырып, ел ішінде тағы да дайындық жұмыстары, алдын алу шаралары жүре бастады. Расымен, әлемде дүрбелең туғызған індеттің таралуы әлі тоқтамаған секілді. Оған әр өңірде тіркелген науқастар дәлел болмақ. Тіпті республикамыздың кей облыстары қызыл аймаққа енді.
Аудандағы бас санитардың сөзінше, осы жылдың қаңтар, наурыз айларында коронавирусты инфекциясы жағдайымен нақтыланған 18 науқас тіркеліпті. Былтыр 113 жағдай есепке алынған еді. Ал биылғы екі айда тіркелген науқастардың ішінде 14 жасқа дейінгі 6 бала бар. Нақтырақ айтсақ, 1 жасқа дейінгі 2, 5-6 жасқа дейінгі 3, 7 жастағы 1 бала анықталған. Ересектер арасында 20-29 жас аралығындағы 2, 30-39 жас аралығындағы 3, 40-49 жас аралығындағы 1, 50-59 жас аралығындағы 1, 60 жастан асқан 5 науқас тіркелген. Айта кетейік, ковидке күдікті деп үйде оқшауланған науқаспен қарым-қатынаста болған 11 адамның да вирус жұқтырғаны анықталған. Олар науқаспен қарым-қатынас кезіндегі тест сынамасы арқылы белгілі болған. Қазіргі таңда бұл адамдардың төртеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Ал ауру белгілері жоқ, бірақ науқаспен байланыста болған адамдар үй жағдайында оқшауландырылып, медициналық бақылауға алынған. Аудандағы эпидемиологиялық ахуал және індеттің алдын алу барысында аудан көлемінде Covid-19-ға зертханалық тексерулер жүргізілуде. Жыл басынан бері Covid-19 ПТР әдісімен үш мыңнан аса сынама тапсырылып, оның он жетісінен «оң» нәтиже анықталған. Былтыр да осы көктем айларында өршіген дерт биыл да күн санап өсім алуда. Ресми ақпарат көздерінде күнделікті салыстырмалы түрде мәлімет жарияланып отыр. Дегенмен күдер үзіп, көңілді күмәнді ойлармен толтыруға да болмайды. Былтыр қанша қазақстандықты жақынынан айырған вирусқа қарсы вакцина табылмаған болатын. Ал қазір дерттің бетін қайтаратын вакцина жасалып, тіпті екпе жұмыстары басталып та кетті. Аудандағы осыған байланысты жұмыстар 9 наурызда басталып, бірінші кезең бойынша тізімде тұрған адамдарға екпе жасалды.
Тағы да еске сала кетсек, екпе жұмысы алты кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері, екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтары, ведомстволық медициналық қызметінің қызметкерлері, үшінші кезеңде мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар, содан кейін Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, сонан соң медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар, соңғы кезеңде тәуекел тобындағы қалған контингенттер қарастырылып отыр.
Еріктілер қатарынан табылып, алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдаған аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Аманкүл Өтегенқызы енді бұған дейінгі қиындықтың алдын алуға мүмкіндік туғанын айтады.
– Індеттің алдын алуға, оған қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған вакцина ойлап табылды. Тіпті тоғызыншы наурыз күні алғашқы кезеңі жүзеге асты. Яғни екпе егу жұмыстары басталып, тізім бойынша бірінші тұрған медицина мамандарына, оның ішінде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцина қабылдады. Мен де аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы ретінде, әрі еріктілер қатарынан табылып, екпені салдырдым. Өйткені болжам бойынша көктемде екінші толқыны өршуі мүмкін деп күтілетін індеттен аман болудың жалғыз жолы осы. Қорқатын ештеңе жоқ, себебі вакцинаның басқа екпелерден еш айырмашылығы жоқ. Тек медициналық талаптарды қатаң сақтап, дәрігердің бақылауында болсаңыз болды. Ауырсыну байқалмады. Сондықтан да аудан тұрғындарына алаңдауға еш негіз жоқтығын айтқым келеді – дейді ол.
Бұл – вакцинациялау жұмыстарының алғашқы легі. Жоғарыда айтылған кезеңдер бойынша екпе жұмыстары жалғасын табатын болады.
Қысқасы, әлемді дүрбелеңге салған індетке қарсы тұруға иммунитет қалыптастыру керек. Ал ақ халаттылардың айтары мынау. Ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Босаңсуға, еркінсуге әлі ерте деген ескертулер. Тек неде болса сақтанамыз, ақ халаттылардың ескертпелерін қатаң орындап, ортақ тәртіпке бағынамыз. Бұл бізге жақсылық әкелмесе, жамандыққа жол ашпайтыны анық. Бастысы, өз денсаулығымызға жақсы қарау, күтіну мен сақтану. Отбасымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы.

Нұр НАУАН
06 сәуір 2021 ж. 463 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930