Тауық өсіру таңсық емес
Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің бағасы күн өткен сайын шарықтап бара жатыр. Соның ішінде тауықтың жұмыртқасы қымбаттады. Қазір күнде жылқы мен қой етін кертіп жеп отырған отбасы аз. Бүгінде адамдардың күніге төрт мезгіл тұтынатын азығы – тауықтың еті мен жұмыртқасы. Дайындалуы да оңай әрі тез піседі. Сондықтан бағасына қарап жатқан жоқ. Дүкендердегі ең өтімді азық-түлік тауары – мұздатылған тауық еті мен жұмыртқа. Кешеге дейін біз тауық бағуға мән бермей келдік.
Тоқсаныншы жылға дейін ауылдарда әр үйде жүздеген қазақы тауықтан болып еді және оларға иелері аса бір күтім жасаған жоқ. Кепесіне де кірмей тал басына қонақтап, мекендері құрық болатын көктем, жаз айларында қорадағы жиналған шөптердің қуысына өздері жұмыртқа басып, балапан шығарып, табиғи түрде басы көбейді. Бір қызығы, сол кездерде ауыл халқы үшін тауықтың еті тек диеталық, емдік тағам ретінде танылды және жұмыртқасы да аса бағалы емес еді. Жылқы болмаса да, күнде кесек-кесек қой еті мен сүт өнімдері табылатын ауыл дастарханындағы ас мәзірінде тауық еті мен жұмыртқасы болмайтын. Ал бүгінде сол үй құсының еті мен жұмыртқасының нарықтағы бағасы аспандап тұр және мұны халық кәдімгідей мәселе етіп көтеріп келеді. Енді осы мәселенің шешілуі соншалықты қиын ба? Жоқ, күрмеуін тарқатуға болады екен. Ол үшін әр адам үйіне тауық асырауы керек. Болды. Мәселе шешіледі. Базарға, дүкенге тәуелді болмайсыз. Тауықты төрт түлік секілді таңнан кешке дейін соңында жүріп бақпайсыз. Жүздеген гектар жайылымдық жердің де қажеті жоқ. Бабын тапсаңыз, өзін-өзі асырайды. Тек қора-жайы қыста жылы, жазда салқын және санитарлық талапқа сай болсын. Өйткені қазірде құсқа байланысты аурудың түрі көп. Содан сақтану үшін күнделікті олардың санитарлық жағдайын қатаң қадағалап отырсаңыз болғаны.
Қазірде ауылдағылар осы аталған үй құсын асырап, көбейтуді қолға ала бастады. Кәдімгідей кәсіпке айналдырып отырғандар да бар. Солардың бірі Аққыр ауылының жас тұрғыны Дәулет Жәлидің қазірде 500-ге жуық тауығы бар. Дәулет осыдан бір жыл бұрын өз қаржысына қазақы тұқымды 30 балапан сатып алады. Ол балапандар жыл өткенде үлкен тауыққа айналып, он бес мекен құрық басады. Әр қайсы он балапаннан шығарғанда бір жылдың ішінде тауықтың саны екі есеге артады.
– Мен мұны әу баста кәсіп үшін бастаған жоқпын. Қазір әркім өз қолынан келетін кәсібімен айналысу керек және кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Ең бастысы, сенің кәсібің өз отбасыңа және айналаңа пайдасын тигізсе болғаны. Мәселен, қазір дүкендерде тауық еті мен жұмыртқа қымбат деп жатыр. Ал менің отбасым дүкеннен тауық етін және жұмыртқа сатып алмайды. Менің кәсібім бір отбасын күнделікті азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отыр. Алдағы күндері тауықтардың санын 5 мыңға жеткізіп, тауық фермасын ашамын деген жоспарым бар. Ұқсата білген адамға тауықтың еті мен жұмыртқасынан бөлек, мамығын да кәдеге жаратуға болады, – дейді Дәулет Жәли.
Кейіпкеріміз былтыр өз қаржысына Қызылорда қаласынан электрлі инкубатор аппаратын сатып алып, қолдан да көбейтіп жатыр. Электрлі көбейту жолымен 20-22 күнде 77 жұмыртқадан кем дегенде 70 балапан жарып шығады екен. Инкубатор аппараты қосылғанда оның ішкі қалыпты температурасы 37,8 градусты ұстап тұруы керек. Егер сол қалыпты жылуы сақталмаса, жұмыртқа шіріп кететін көрінеді. Әрине бұл жұмыстардың үй жағдайында өз қиындығы бар. Тынымсыз еңбекті талап етеді. Дәулет тауық қорасынан күніне 50-60 жұмыртқа алады. Қазірде жұмыртқаны 50 теңгеден сатып отыр екен. «Бес жүз тауықтың жемінің өзі қалтаңнан біршама қаржы шығарады. Былтыр күрмек жемді көрші күрішті ауылдардан тонналап түсірдік. Соның өзі қазір орталап қалды. Сондықтан жұмыртқаны орташа бағасына беремін» дейді кәсіп иесі.
Бұрын ауылдарда үй құсының түр-түрін өсіргенімен, оған ешкім кәсіп ретінде қараған жоқ еді. Ал қазірде ауыл адамдары да бұған кәдімгідей көңіл бөле бастады. Сондықтан Дәулеттің кәсібі де қазір көпшілікке таңсық емес. Керісінше, тауық еті мен жұмыртқаның құны өсіп кеткен дәл осы кезде Дәулетке бәсекелестер көбеюі керек. Сонда азық-түлік бағасының тұрақтануына ықпал етеді.

Қуат АХЕТОВ