Қызылордада жыл басынан бері 38 адам суға кетті
Биыл су айдындарында 38 адам қаза болса, оның 20-н кәмелеттік жасқа толмағандар құрап отыр. Оның 16-ы суға шомылу уақытында , 3-і балық аулау кезінде, 3-і қайықтан құлап, 19-ы жазатайым оқиға салдарынан бақытсыз жағдайға ұшыраған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев мәлімдеді.
Қазіргі таңда суға шомылуға қауіпті әрі жабдықталмаған 64 учаске белгіленген. Су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері – бұл балық аулау кезіндегі абайсыздық, су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтамау және балаларды ата-аналарының қарауынсыз қалдыру. Облыстың су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде.
«Қала аумағында көпшілік демалатын және шомылатын су айдындарында жабдықталған 2 жағажай бар. Қазіргі таңда қала аумағындағы «Эдельвейс» саяжайы тұсында коммуналдық саяжайдың құрылысы жүруде. Қала тұрғындары мен ата-аналарға мүмкіндігінше осындай жабдықталған жағажайларда суға шомылуға кеңес береміз. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларды бақылаусыз қалдырмауларын және ересек азаматтарымызға су жағасында демалу кезеңінде спирттік ішімдіктерге шектеу қойып, өз қауіпсіздіктерін сақтау қажеттігін назарларына саламыз», – деді Бағдат Исламбекұлы.