Сыр спортшылары университеттің жоғары марапатына ие болды
Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және каратэ-додан Олимпиадаға қатысушы Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті. Кездесу барысында Қамшыбек Қоңқабаев «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен», Мөлдір Жаңбырбай «Үздік түлек» медалімен марапатталды.
Өз кезегінде Олимпиада жүлдегері де университет ұжымына өз алғысын білдірді.
Қамшыбектің ұстазы, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Майлыбайқызы да шәкіртінің студент кезі туралы өз естелігін айтты.
Нәзік те болса талай додаларда топ жарып жүрген каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың да спортқа қосқан үлесі орасан. Алдағы уақытта университеттің қос түлегі талай додаларда көк туды көкте желбірететініне сенім білдірілді.
«Халықаралық жастар күні қарсаңында туған жерге табаны тиген, Сыр елінің ғана емес еліміздің намысын қорғаған спортшыларымызға зор алғыс білдіремін. Біз өз түлектеріміздің аяқ алысын, жетістіктерін үнемі назарда ұстап отырамыз. Осы орайда Қамшыбек пен Мөлдір Токио олимпиадасында өнер көрсеткенде екі есе жанкүйер болдық. Себебі ұстаз әрдайым шәкіртімен мақтанады. Алдағы уақытта талай шаршы алаңда ел намысын қолдан бермей, көк туымызды көкте желбірете беріңіздер. Бүгін Сіздердің кеуделеріңізге таққан марапатымыз – университетіміздің үлкен ықыласы», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде Олимпиада жүлдегері де университет ұжымына өз алғысын білдірді.
«Ғалым да, шахтер да, спортшы да ұстазға бас иеді. Қазір ғана облыс әкімінің қабылдауында болдық. Артынша өзіміз білім алған оқу ордамызға ат басын тіредік. Бізге білім, кәсіби бағдар беріп және спортпен айналысуымызға студент кезімізден жағдай жасаған оқу ордамызға алғысымыз шексіз. Біздің жетер жетістігіміз әлі алда деп есептеймін. Қай кезеңде болмасын бар күш-жігерімізді ел намысы үшін аянып қалмауға тырысамыз», – деді Қамшыбек Қоңқабаев.
Қамшыбектің ұстазы, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Майлыбайқызы да шәкіртінің студент кезі туралы өз естелігін айтты.
«Қамшыбек университетімізде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, 4 жыл оқыған еңбегінің нәтижесі ретінде «Заңгер» біліктілігінің дипломын алған болатын. Ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыса отырып, оқуын ойынан шығарған емес. Берілген тапсырмаларды орындауда жауапкершілік танытатын. Оның тәртіп пен нақтылықтың адамы екенін аңғардық. Қазіргі таңда Қамшыбек халықаралық деңгейдегі спортшы ғана емес, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің аға лейтенанты. Қамшыбек 4 жылда бір болатын дүниежүзілік дода да қазақ елінің туын алып жүру мәртебесіне ие болды. Сол бір көріністі асыға күтіп, теледидардан шәкіртіміздің жүзін көргенде төбеміз көкке жеткендей қуандық»-, деді Ләззат Майлыбайқызы.