Құрсақтағы тіршілік иесі зақымданбаса игі
Дүние жүзін дүр сілкіндірген дерт елдің дегбірін алып, өршіген үстіне өрши түсуде. Бүгінде елімізде Түркістаннан басқа аймақтардың бәрі қызыл жалынға оранып, үрей туғызуда. Аждаһадай жалмаған ажал баланы да, аяғы ауыр әйелді де, үлкенді де, жасты да таңдамастан өз құрығына түсіріп, қынадай қырып барады.
Қазақстанда 16 тамыздағы мәлімет бойынша, 119 547 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделіп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, емделіп жатқандардың арасында 31 910 пациент стационарда жатыр, 87 637 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Науқастардың арасында 1 937 адамның жағдайы ауыр, 507 пациенттің жағдайы өте ауыр, 228 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
Біздің аймақта да жағдай күрделі. Бір тәулікте 166 адамда коронавирус сырқаты бары анықталған. Күн сайын науқастардың саны өсуде. Ал сақтық шараларына келгенде әлі әлсіздік танытып жатқанымыз өтірік емес. Жасырынып той тойлап, құдажолы жасап, туған күнді дүбірлетіп-ақ жатырмыз. Алақандай Жалағаштың өзінде 1-2 айдың ішінде қанша адам дертке шалдығып, қаншама адам о дүниелік болды. Тіпті құрсағында сәбиі бар аналарымыз дерттің құрбанына ұшырап жатқанда бізге осындай келін түсіру, қыз ұзату, өзге де тойды жасап не керегі бар? Жарық дүние есігін ашпаған ұрпақтың тағдыры таразыға түсіп жатқанда сондай даңғаза дүрмек қазақы қалпымызға жараса ма? Онсыз да ат төбеліндей ұлтымызға қатер төнгенде сабыр сақтап, салмақтап, әліптің артын бағып, дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсек болмай ма? Қазір індеттің нағыз өршіген сәті екенін бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, ғаламтордан бақылап отырғанымыз рас.
Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Мақсұтовтың айтуынша, қазір стационарда жатқан науқастың саны – 72. Оның КВИ нақтыланған жағдаймен тіркелгені – 40, ал пневмония болғаны – 32. Олардың арасында 5 жүкті әйел, 1 бала бар екен. Міне, статистикаға зер салыңыз. Адам күңіренетін сан. Дерт жүкті әйелге залалын тигізсе, ішіндегі балаға зардабы болмайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұрын экологияның зардабын тартқан елге келген бұл дерт жұртшылықты есеңгіретіп отыр.
Аймақ басшысы облыстық барлық медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтарға, төсек-орындарға күнделікті ревизия жасап, белгіленген алгоритмге сәйкес кезең-кезеңімен қайта бейімдеу және қажет болған жағдайда қосымша төсек-орындар әзірлеу мен вакцинациялау жұмыстарын қатаң түрде күшейтуді міндеттеген болатын.
– Қазіргі таңда вакцинациялау мәселесіне басты назар аударылуы тиіс, өйткені ол – ауруды жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Мұнан бөлек, төсек орынмен қамту мен реанимациялық бөлімдерінің дайындығы аса маңызды. Сондай-ақ үйде емделіп жатқан науқастардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету қажет. Жағдайын ушықтырып алмас үшін күнделікті олардың жағдайын қадағалауды тапсырамын. Барлық жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда болсын, – деген болатын облыс басшысы жедел штаб отырысында.
Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Н. Мақсұтовтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына орай, ауруханада КВИ инфекциялық төсек орындар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес 80 төсек орынға жеткізіліп, оның ішінде 7 төсек реанимациялық болып бекітіліп, жүкті әйелдердің КВИ нақтыланған жағдаймен түсуіне байланысты ішкі бұйрықпен КВИ перзентханалық төсек орын ашылған.
Стационар ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларының талаптарына сай «Таза» және «Лас» аймақтарға бөлінген, жауапты болып 2 дәрігер, 10 мейірбике және 5 кіші аяжан бекітілген. Аурухана бойынша жасанды өкпені желдету (ӨЖЖ) ИВЛ аппараты 14 дана, 2 дана рентген аппараты, 2 дана флюрограф аппараты бар. Бұдан басқа ауруханада 44 дана оттегі концентраторы, 70 дана оттегі баллондарымен, 149 дана пульсоксиметр, 54 дана термометр және арнайы құрал-жабдықтармен толығымен жабдықталған.
– Жалағаш аудандық ауруханасына коронавирусты инфекцияға қарсы вакцинациялау 2021 жылды 9 наурыздан бастап іске асырылды. Осы уақытқа дейін ОДСБ-дан І тур – 15 501 доза вакцина, ІІ тур вакцинадан 12 800 доза келді. Аудан бойынша 18-69 жас аралығындағы вакцина алуға жоспарланған адам саны – 17066, бүгінгі күнге 13379 адам вакцинамен қамтылды. Олардың арасында медициналық қызметкерлер, педагогтар, учаскелік полиция, ТЖ, ІІМ, Өрт сөндіру қызметі, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, созылмалы ауруы бар науқастар бар, – дейді бас дәрігер.
Қалай десек те, «сақтықта қорлық жоқ» деген бабалар сөзі бүгінде ақылдың көзі десе болғандай. Ең бастысы, дендеген дерттен сақ болайық, аман болайық, ағайын!
Г.ҚОЖАХМЕТОВА