ТАҢҒАЖАЙЫП ӘЛЕМ АШЫЛДЫ
Төле би көшесімен өтіп бара жатып қаз-қатар сауда орындарының бірінің маңдайшасынан "Анама және Маған" деген жазуды көріп, бұрылдық. Жақындағанда оның астынан тағы да "Анашым, бірге кітап оқиық!", "Оқы!", "Дамы!", "Ойна!" деген жазуларды көріп қызығушылығымыз арта түсті. Кірдік, көрдік, тілдестік. Иесі Айдана Жұмағалиқызы екен.
Балаларға арналған кітап дүкенінің іші жып-жинақы, аурасы бала түгіл ересек адамның өзін баурап алады. Шағын бір бөлменің іші кітапқа сықап тұр. Түрлі баспаның өнімдері бар. Бір жағындағы сөреде Әліппе оқулығынан бастап, қазақ және әртүрлі ұлттардың ертегілерінің, қатырма қағазды суретті кітапшалардың, 3D нұсқасында жасалған ертегі кітаптардың, авторлық кітаптардың сонымен бірге есепті, логикалық ойындардан тұратын кітаптардың, магнитті математиканың, орысша-қазақша, қазақша-ағылшынша сөздіктердің 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың ақыл-ойын дамытып, толық адам етіп қалыптастыруда таптырмас көрнекі құрал және ұлттық тәрбие беруде де маңызы зор жоба екеніне ешкім дау айта алмайды. Бұл жөнінде Айдананың өзі:
– Қазірде бала тәрбиесі, әсіресе жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен бірге баланы тек тәрбиелеп қана қоймай, есі кіріп, айналасын, өзін қоршаған ортасын танығаннан бастап оларға заманға сай білім беріп, ғылым үйрету – тек ата-ананың, тәрбиешінің, мұғалімнің ғана міндеті емес, тұтас қоғамның мойнындағы жауапкершілік. Мен де осы қоғамның бір мүшесімін. Өскелең ұрпақтың келешегі мені де бей-жай қалдырмайды. Өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Мен тұрмыс құрып, тұңғышыма аяғым ауыр болған кезден бастап қай қалаға барсам да, балаларға арналған кітап сатып алып, жинай бастадым. Ондағы ойым: бала тәрбиесіне тәжірибем аз болғандықтан, әлгі кітаптарды балама өзінің жасына сәйкес кезең-кезеңімен оқытып, көмекші құрал, қосымша тәрбиеші ретінде пайдаланғым келді және бүгінде ол мақсатым іске асты. Қазір төрт жасар қызымның өзі құралпы балаларға қарағанда дүниетанымы кеңейді, күн өткен сайын кітапқа қызығушылығы артып келеді. Әріп таниды, жүргізіп оқиды және мазмұнды талдай алмаса да, кітап бетіндегі оқиғаға құрылған суреттерге қарап өзіндік ойын айта алады. Ата-ана тек өз баласы үшін ғана емес, өзгенің баласы үшін де өмір сүруі тиіс. Ол сонысымен де ата-ана. Ендеше, мен де тек өз баламның ғана емес, өзге балаларға тілекші ана ретінде ойлана келе осындай дүкен ашуға бел будым. Кітап – адамзатқа ортақ қазына, рухани байлық. Оны жеке қарастыруға және жеке мүддеге пайдалануға болмайды. Сол үшін де мен бұл жұмысыма кәсіп деп қарамаймын, бала тәрбиесіне қосқан үлесім деп ойлаймын. Алайда менің бұл дүкенді ашудағы ең басты мақсатым – таңнан кешке дейін теледидар мен смартфонға телмірген және соған бар уақытын ұрлатып, денсаулығын беріп жатқан балаларға араша түсіп, оларға қызықты кітап ұсыну және оқыту, – дейді.
Айдана Жұмағалиқызы кітап дүкенін ашарда мемлекеттің көмегіне жүгінбеген, қолында бар қаржысымен кәсібін бастаған. Ғимаратты да жалға алған. Алайда өзінің айтуынша, дүкенге келушілер, кітап алушылар, тапсырыс берушілер көп екен. Бағалары да қолжетімді. Еліміздегі "Аруна", Алматыкітап" және Ресейдің "Робинс", "Клевер", "Умка" баспаларына тапсырыс беріп алдырады екен. Аталған баспалардың өнімдері мазмұны жағынан да тартымды, көркемдік сапасы да жоғары, салмағы жеңіл, баланың қолына ұстап оқуына ыңғайлы, әріптері ірі, суреттері қанық.
Аядай ғана бөлменің бір жақ қабырғасын алып тұрған сөреде орыс тіліндегі ертегілер де бар. Бірақ біздің "аудан тұрмақ, облыстың өзі жүз пайыз қазақша сөйлейді ғой" деген сауалымызды сөзімізден бұрын, көзімізден оқып қойған Айдана: "Иә, аға, әрбір қазақ баласының тілі өз ана тілінде шығуы тиіс және оның обал-сауабы да біздің, яғни ата-аналардың мойнында. Ол келешегіміз үшін аса маңызды. Дегенмен, баланың ой-қиялы шексіз, арманы да айдан ары асып кетеді. Сол секілді тіл үйренемін деген баланың талабына да шектеу қоюға болмайды. Әрі десе, бұл – қазіргі заманның талабы. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі күні ержетіп, бойжетіп студент атанады. Шет елдерде білім алуға толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне қазіргі жастар саяхаттап жер көреді, ел көреді, олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысады. Ол өсіп келе жатқан жастардың танымдық деңгейіне оң әсер етеді. Сол сапарлардың барысында көп тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны тимейді. Сондықтан балалар тек орысша ғана емес, сонымен бірге ағылшын, француз, неміс, қытай, араб тілдерін де меңгерсе артық болмайды. Тек өз ана тілін алдыңғы орынға қойса болғаны. "Жеті жұрттың тілін біл" деп бабаларымыз бекер айтқан жоқ қой", – дейді Айдана.
Расында мұндай балаларға арналған кітап дүкені аудан түгіл, облыс орталығында жоқ қазірде. Біздің білетінімізде Қызылорда қаласында кірсеңіз кітаптың иісі шығып тұратын тек бұрыннан келе жатқан Мұстафа Шоқай атындағы кітап Үйі ғана. Осы тұрғыдан қарағанда, кейіпкеріміз өзі айтқандай, жеке кәсіп емес, игілікті іс бастап отыр. Сондықтан біз Айданаға тілекші болып қана қоймай, оған жан-жақты қолдау білдіруге тиіспіз. Ауданымызда осындай кітап дүкенінің бар екенін көпшілігіміз білмейміз. Оның өз себебі де бар. Аталған кітап дүкені орталықта емес, бір қуыста орналасқан. Рухани дамуды мұрат тұтқан біздің елімізде мұндай дүниелердің тасада тұруы жөн емес.
"Анама және Маған". Дүкеннің аты қандай әдемі! Одан бөлек "Анашым, бірге кітап оқиық!" дейді. Осы сөздерді кітап дүкенінің маңдайшасынан оқымай-ақ, біреуден естігеннің өзінде, сол көшенің бойында "Анашым, маған кітап алып берші. Үйге барып бірге оқиықшы!" деп анасын қолынан тартып дүкенге сүйрелеп тұрған кішкентай балақай елестейді көз алдыңа. Ал сосын дүкенге кірген ана мен баланы Айдана "Оқы!", "Дамы!", "Ойна!", – деп құшақ жая қарсы алып, күлімсіреп шығарып салады.
Қуат АДИС
Пікір 1