Шатырдағы «тик токшылар»
Бүгінде әлеуметтік желімен әуре болып жүрген жастар қатары көбейді. Ғаламтордың ғажабы таусылатын түрі жоқ. Жастарды тұңғиығына тартып бара жатқаны өтірік емес. Түп-төркініне талдау жасасақ, Тик Ток – видео түсіруге арналған сервис. Оны көбіне көңіл көтеру мақсатында жастар қолданады. Әйтсе де Тик Токтан пайда тауып отырған жандар бар.
Тik Tok – 15 секундтық қысқа бейнелер жасауға арналған қосымша. AppStore және Google play-дегі ең көп жүктелген бағдарламалардың қатарына кіреді. Ол 2016 жылы пайда болды. Оны «ByteDance» қытайлық компанияның басшысы, 36 жастағы табысты кәсіпкер Чжан Иминг ойлап тапты. Ол оны Доуинь деп атаған, кейін Тик Ток деп өзгертілді. Бүгінгі таңда оның байлығы 13 миллиард долларды құрайды.
TikTok өкілдері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токиода орналасқан. 2017 жылы TikTok Musical.ly қосымшасымен бірігіп, өз мүмкіндіктерін кеңейтті. Осы арқылы аудитория 1,2 миллиардқа дейін өсті.
Аталған мобильді қосымша арқылы видеоның фондағы музыкасын тездетуге, баяулатуға және түрлі фильтрмен өңдеуге болады. Танымал әндерді синхрондап, қысқа бейнелер түсіре алады. Видеоны жүктеп, басқа әлеуметтік желілерде бөліседі.
Жастар тұрмақ үлкендер де танымалдыққа ие болуға талпынып, тик ток түсіруде. Алайда жастар психикасы толық дамымағандықтан кейбір кезде жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алмайды. Лайк қойып, пікір жазып жатыр, сұраныс бар деп ашық-шашық контент ұсынуы да мүмкін. «Мен мини белдемшемен түссем, көп лайк жинайды екенмін, солай жасайын» деген қадамдар опа бермейді. Оның соңы өте ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін.
Тіпті әлемде ашық-шашық киініп, бұрала билегендерді Тик Ток арқылы жаман пиғылдылар тауып алып, зиянын тигізіп жатқанын да әлем желі арқылы естіп жатырмыз. Тик Токқа құмар жасөспірімдерді қадағаламасаңыз, педофилдердің құрығына түсіп қалуы әбден мүмкін. Абыройсыздық аяқ астынан. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың әрбірінде осындай мүмкіндік бар. Олар интернетсіз күндерін өткізе алмайды. Байлаулы баспақтай соның айналасына шырмалған. Осындайда ата-анасы жұмыста бақылаусыз қалған жасөспірімдер тик ток түсірем деп биіктен құлап кеткендері, токқа түсіп жатқандары қаншама.
Жақында біздің қаланың жасөспірімдері екінші шағын аудандағы көпқабатты үйдің төбесіне шығып, тик ток түсіріп жатқанын тұрғындар бейнетаспаға түсіріп, фейсбук желісіне жүктепті. Сол жерден өткен-кеткендер қауіпті жерде тұрған қыз балаларға үреймен қарап тұрғандары байқалады. Өздеріне төмендегі ересектердің назары ауғанын сезген тик токшылар дереу төменге түсіп, қашуға әрекеттеніп жатыр. Әлдекім тәртіп сақшыларына хабарлап та үлгерген болуы керек. Сәлден соң әлгі жүктелген бейнетаспаның астына полиция қызметкерлері ресми жауап берді. Алайда тәртіп сақшылары келем дегенше әлгі «батыр тик токшылар» көпқабатты үйдің шатырынан түсіп, бой тасалаған. Міне, осындай қолайсыз көріністер әр жерде орын алып жатыр. Бұл байқап қалғанымыз. Ал абайламай жүргеніміз қаншама. Осындай ғимараттың үстіндегі тикток түсірілімі кезінде балалардың абайламай аяғы тайып кетсе, ақыры қайғылы оқиғаға ұрындыруы мүмкін. Әрине, жүрегі алып-ұшып тұрған жасөспірімдерге бұл жағдайды байыппен түсіндіріп, ата-анамен бірге психологтар жұмыс жасамаса жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан «тик токқа» абай болғанымыз жөн.
Ерлан Созақбаев