Баспаналы болуға бастайтын тағы бір қадам
Баспана – біздің елдегі ең басты, аса өзекті мәселелердің бірі. Әрбір отбасының берекелі, баянды тіршілігінің бастауы баспаналы болудан басталатынын айтып жатудың өзі артық. Сондықтан мемлекет осы мәселені ұдайы назарда ұстап, түрлі бағдарлама арқылы шешімін табуға тырысып келеді. Бұл орайдағы нәтижелі қадамдардың бірі, сөз жоқ, Президенттің бастамасымен зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алу, ипотекалық несиені жабу үшін пайдалануға рұқсат беру болғаны анық.
Жыл басында зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін үй алуға жұмсауға рұқсат берілген еді. Қаржысы шекті мөлшерден асып тұрғандар ипотека рәсімдеп, байырғы баспана қарызын жабуға кіріскен. Мемлекет енді тағы бір мүмкіндік ұсынып отыр: бұдан былай зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға болады. Бұл туралы жақында Жолдауда айтылды. «Сонымен қатар бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 761,4 мың салымшы жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланған. 2021 жылы
1 қыркүйекте «Отбасы банк» арқылы 253 мыңнан астам салымшы 1 трлн 400 млрд теңгені кәдесіне жаратқан. Пайдаланылған ақшаның негізгі үлесі 5 млн теңгеден астам жинағы бар салымшыларға тиесілі. Бұл ретте олардың төрттен үші қаражатты баспана сатып алуға жұмсаған.
5 млн теңгеге дейінгі жинағы бар салымшылар қаражатты қазіргі займдарын жабуға жіберген. Бұл ретте салымы төмен салымшыларда үйді толықтай сатып алу немесе алғашқы төлем жасау мүмкіндігі болмаса, біржолғы зейнетақы төлемі жарты млн теңге ғана болатын азаматтар тұрғын үй мәселесін шешуде шарасыз күйде қалып отыр. Енді дәл осы топ өз ақшаларын «Отбасы банк» депозитіне аудара алады. Бұл кім үшін пайдалы және нақты қандай көмек береді? Л.Ибрагимованың сөзіне мән берсек, алдағы бес жылда 14-29 жас аралығындағы жастар тарапынан баспанаға деген сұраныс күшейіп, жыл сайын 100 мың отбасына пәтер қажет болады. 2030 жылдары бұл көрсеткіш 150 мың отбасына дейін жетеді. Қазір бірінші сыныпқа барып жатқан балдырғандар да 12 жылдан соң баспана нарығына
келеді.
«Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 29 жасқа дейінгі қызметкердің орташа жалақысы 169 мың теңгені құрайды. Егер бұл жалақыны екеуі де жұмыс істейтін жас отбасыға кіретін кіріс деп есептер болсақ онда отбасының жалпы табысы 338 мың теңге болмақ. Жас отбасы табысының 30 пайызын көлемі 50 шаршы метр (13 млн теңге) болатын үй алуға жұмсап отырса, оған 10 жыл уақыт кетеді. Енді біржолғы зейнетақы төлемін депозитті толтыру үшін пайдаланар болса, онда әлгі мерзім 4,5 жылға дейін қысқарады. Сонымен қатар жалақы тенденциясы соңғы жылдары 29-ға дейінгі жас мамандардың еңбекақы төлемі жылдам өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Сондықтан аталған шара төлем қабілеті бар жас отбасыларды қолдаудың тиімді құралы бола алады және олардың үй алу үшін жинақты жылдам жинауына көмектеседі», дейді Л.Ибрагимова.
Басқарма басшысының болжауынша, бұл мүмкіндікті бір жылда 190 мыңға жуық жас отбасы пайдаланып, тағы 15 мыңы жыл сайын салымдар ашуға мүмкіндік алады. Бұл ретте тұрғын үй заемына өту үшін (аралық және алдын ала заем деген де түрлері бар) мерзімі 3 жылдан асқан депозит болуы және баспана құнының 50 пайызынан кем емес қаражат жиналуы керек. Сонымен бірге, 16-дан кем емес бағалау көрсеткішін иелену де аса маңызды.
Қандай үйлер сұранысқа ие?
Статистика бойынша, елімізде екінші нарықтағы жаңа үйлер бойынша ипотекалық несие жиі рәсімделеді екен. «Отбасы банк» дерегінше, жыл басынан бері екінші нарық үйлеріне қатысты 61,5 пайыз ипотекалық несие рәсімделген, бірінші нарықтан 38,5 пайыз заемшы үй алыпты.
«Ипотекалық келісімдер құрылымында көлемі 60 шаршы метрден сәл асатын екі бөлмелі үйлер көш бастайды. 2011 жылдан бері кеш емес мерзімде пайдалануға берілген үйлер танымал. Ондай нысандар 60,8 пайыз жағдайда сатып алынады. Аутсайдерлер қатарына 90 жылдары салынған құрылыстар мен салынғанына 50 жылдан асып кеткен тұрғын үйлер жатады. Пәтерлерді сатып алу артықшылығы пайызбен былай бағаланады:
1970 жылға дейін салынған үйлердің сатылу мүмкіндігі – 2,2 пайыз; 1991-2000 – 4,4 пайыз; 2001-2010 – 8,7 пайыз; 1971-1980 – 10,7 пайыз; 1981-1990 – 13,2 пайыз; 2011-2021 – 60,8 пайыз.
Жинақ банкінің есептеуінше, алты ай қорытындысы бойынша займдардың орташа сомасы 14,8 млн теңгені құраған. Ал қазақстандық қарыз алушының портретіне келер болсақ, ол 51,5 пайыз жағдайда – 39 жастағы ер адам.
Бастамаға көзқарас
Телеграмдағы FINANCE.kz каналы бұл бастамаға қатысты сыни көзқарас танытады. «Аталған шара былтыр мүлде дивиденд төлемеген банкті қолдап қана қоймай (құдды оларға тегін ақша онсыз да аз беріліп жатқандай), баспана бағасының шарықтауына әсер етуді жалғастыра түседі» деп жазады.
Ал қаржыгер Дана Жарылғапова мұны тиімді бастама деп санайды. «Жеткілікті шектен асатын ақшаны депозитке аудару – жақсы бастама, өйткені көп адам шекті сомадан асатын қаржысына бірден ипотекамен немесе ипотекасыз үй сатып ала алмайды» дейді.
Бір қарағанда бастама тиімді-ақ. Алайда мемлекеттің зейнет қаржысына қол салуы тағы да баспана бағасының өсіп кетуіне әсер етпей ме деген сұрақ туады. Сонымен қатар көп жылғы бейнеттің зейнетін көрсетуі тиіс қордағы ақша таусылса не болады деген алаңдау да бар. «Отбасы банк» бұл бастаманың егжей-тегжейлі механизмі жайлы алдағы уақытта жария етпек.
Алғашқы несие бюросының мәліметі бойынша (2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай) тұтынушылық мақсаттағы несие портфелінің мөлшері – 9 трлн 812 млрд теңге. Осыншама қарыз 8 млн 157 мың қазақстандықтың мойнында тұр. Ал ипотекалық портфель көлемі 2 трлн 898 млрд теңге. Оны 346,7 мың қарыз алушы төлеп жатыр.