ОТБАСЫЛЫҚ ШАРАЛАРҒА РҰҚСАТ ЕТІЛДІ
Елімізде пандемия басталғалы алғаш рет той өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бірақ тойханаларға Ashyq-та статусы «қауіпсіз» қонақтар ғана кіргізіледі. Бұл тәртіп әлгіндей шараларды үйінде өткізетіндерге де ортақ.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60 пайызға төмендегенін мәлімдеген болатын. Әлгі ведомствоаралық комиссияның хабарламасындағы шешім де министрдің осы мәлімдемесін негізге ала отырып қабылданған. Енді елімізде салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды, оның ішінде банкет, үйлену тойы, мерейтойды да өткізуге болады.
Аймақтардағы ахуалдың сан алуан болуының да дәстүрлі отбасылық шараларды өткізуге өз әсері бар. Яғни қалыптасқан ахуалға байланысты «Жасыл» аймақта тұрған өңірлерде зал 50 пайызға дейін ғана толуы керек, адам саны 100 орыннан аспауы шарт. «Сары» аймақта тұратын отбасыларға да бұл тәртіп ортақ. Бірақ адам саны 70 орыннан аспауы тиіс. Ал «Қызыл» аймақта 50 орыннан асса, айыппұл арқалауыңыз ғажап емес.
Бұған дейін елімізде ешқандай өңір “Қызыл” аймақтар сапында болмаған күндері де мұндай шараларды өткізуге рұқсат етілмеген еді. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстары қауіпті аймақтар сапында. Ал Шымкент қаласы мен Атырау, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары “Сары” аймақ деп танылды. Бір қызығы әлгіндей шараларды мұндай аймақтарда да өткізуге рұқсат.
Алексей Цой айтқандай, ахуал айтарлықтай жақсарса, неге еліміздегі жеті бірдей өңір қауіпті аймақ деп танылып отыр? Оның үстіне дәл мұндай шараларды ұйымдастырудың салдары ахуалдың қайта күрделенуіне алып келетінін біле тұра бұл шешімнің қабылдануына не себеп болды? Сұрақ көп, ал жауабын һәм нәтижесін алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. Ләйім ондай болудан сақтасын, бірақ “Жаман айтпай жақсы жоқ” деген де бар. Кейін ахуал қайта күрделеніп және оған осындай шаралардың әсері болып жатса, бұған дейін кеселмен күресудегі жұмысымыздан нәтиже күткеніміз өтірік болып қалмай ма?
“Белгіленген тәртіптің сақталуы назарда болады” дегеннен шығады. Ал оны бақылау жұмыстарында бұған дейін де шикілік байқалған. Мәселен, елімізде әлгіндей шараларды ұйымдастыруға рұқсат етілмеген күндері де той толастаған жоқ. Ертеңгі күні мұны бақылауға алатын жергілікті жерден құрылған мобильдік топтар болуы әбден мүмкін. Ал барлығы әлгі хабарламада көрсетілген ережеге сай өтеріне кім сенеді? Өз басым олардың жұмысын толыққанды жоққа шығармасам да, бұған дейін музыкасын аңыратып, аудан орталығында өтіп жатқан тойларды көзіммен көре тұра күмәнмен қараймын. Ал ауылдық елді мекендерді айтпай-ақ қойыңыз.
“Байдың асын байғұс қызғанды” деп ой түймеңіздер жазбамыздан. Біздікі “Сақтансаң, сақтайтынын” жауапты мамандар білмей тұрып, кешеге дейін халықтан талап еткенімізге қынжылу. Үш облыстан басқасы “Сары” және “Қызыл” аймақтар қатарында бола тұра мұндай шешімге келмегеніміз дұрыс еді. Өзінің және жақындарының денсаулығы үшін мұндай шараларды өткізуге әлі ерте. Сондықтан қалған жауапкершілікті халықтың өзіне қалдырайық.