» » Сыр бойы – «Сары аймақта»

Сыр бойы – «Сары аймақта»

Әлемді әбігерге салған дерттің дүмпуі басылғандай болып, өз-өзімізге келіп, бір-бірімізбен емен-жарқын араласа бастаған едік. Бұған дейін “ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында 20 қазаннан бастап Қазақстанда карантин шаралары жеңілдейтінін айтты” деп хабарлаған болатын ҚазАқпарат тілшісі.

«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакци­нацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды: “Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүге­дектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналатынын ескертті. Көңіліміз тоғайып, «жасыл» аймақтың қатарындамыз деп бір желпініп қалып едік. Ойламаған жерден қайтадан Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстанмен бірге «сары» аймаққа жайғастық. Қайтадан көңілге күдік кіре бастады. Ол дегенің әлі аурудың салқыны барын сездіреді.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ­стан­да коронавирустың таралуына жол бер­меу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 22 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан өңір­ле­рін­дегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау мат­рицасын жариялады. Бүгінде осы мәлімет бойынша «Қызыл» ай­мақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қос­танай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан облыстары тұр. «Сары» аймақта Атырау, Қара­ғанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыс­тары. «Жасыл» аймақта Шымкент қаласы, Ал­ма­ты, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан облысы тұр.

Осы көрсеткіштерге сай тәртіптің күшейетін жөні бар. Енді жұмыс берушілер вакцина алма­ғандарды жұмыстан өтемақысыз шеттете алады. “Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов осындай мәлі­мет айтты” деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

–Вакцинация қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып отыр. Бізге өте көп сауал келіп түседі. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық норма жариялады. Дүйсенбіден бері ол норма күшіне енген болатын. Сол нормада жұмыс беруші міндетті вакцинациядан өтпеген адамды жұмысқа жібермеуі керек екені жазылған. Міндетті вакцина алмаған адамдар ПТР тестіден өтуі керек, – деп түсіндірді еңбек инспекторы.

Маманның айтуынша, бұл – республикалық проблема. “Еңбек” кодексінің талаптары бойынша бүгінгі таңда жұмыс берушілер республиканың немесе өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысын негізге ала отырып, вакцина алмаған және ПТР тестіден өтпеген жұмысшыларды еңбекке араластырмауы керек. COVID-19-бен ауырған адамды жұмысқа жібермеу керектігі туралы тікелей норма болмағанымен, Еңбек кодексінің 48-бабының 1-бөлігінде заңнамалық және мем­лекеттік органдар шығарған актілер негізінде еңбектен шектеуге жол берілетіні айтылған.

Яғни Денсаулық туралы кодекс бойынша Бас санитар дәрігердің қаулысын орындау міндетті. Сондықтан қазіргі таңда жұмыс берушілер вакцина алмаған жұмысшыларды еңбектен шектеуге құқылы. Тіпті жұмыстан шеттетілген уақытта айлық төлемей де шектей алады. Бірақ екіжақты келісім болса, айлықтың 50 пайызын немесе ең төменгі еңбекақы мөлшерін төлей алады. Бірақ екі жақтың да келісімі болғанда ғана осылай болуы мүмкін.

Жуырда ғана ҚР Бас мемлекеттік сани­тариялық дәрігері Ерлан Қиясов АҚШ-тың Pfizer екпесімен вакцинациялауға қатысты әдістемелік ұсынымдарын жариялады. Коронавирусқа қарсы вакцинаның бұл түрін 12 жастағы және одан үлкен жасөспірімдер, жүкті әйелдер (жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін), лактация кезеңіндегі әйелдер босанғаннан кейінгі кезең аяқталған 42 күннен кейін) салдыра алады.

«Вакцина салдыру алдында коронавирусқа антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. Вируспен ауырып жазылған адамдарды сауық­қаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға болады. Жергілікті атқарушы органдардың ау­мақ­тық денсаулық сақтау басқармалары, Са­ни­­тариялық-эпидемиологиялық бақылау ко­ми­теті және облыстық департаменттері бірлесіп, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайын­дық жүргізу қажет. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде жұмыс топтарын құрып, іс-шаралар жоспарын әзір­леуі қажет» делін­ген мәліметте.

Екпе алатындарға жататын адам санына сәйкес егу бригадаларының қа­жет­ті саны, вакцина, шы­ғын материалдары, тоңа­зытқыш жабдықтар, автокөлік саны есептеледі.

Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармасы аумақтық департаментпен және білім басқар­масымен бірлесіп, жауапты мамандар қатарынан әрбір аудан, қала бойынша КВИ-ге қарсы вак­цинация жүргізу жөніндегі іс-шараларды үй­лестіретін кураторды тағайындауы қажет.

«Бұл ретте халықпен жұмыстың ұйымдас­тырылуына, оның ішінде азаматтарды, кә­ме­­летке толмағандардың ата-аналарын ақ­­па­­рат­­тандыруға назар аудару қажет. Та­ғайын­­далған кураторлар: егілуге жата­тын ха­лықтың коронавирусқа қарсы вакци­на­ция­­лауға дайындығын бағалауды, әрбір егу бри­гадасының талапқа сай жасақталуын, вак­цинаны тоңазытқыш жабдықтарында сақтау және тасымалдау қағидаларының сақталуын, екпелермен жұмыс, егу техникасы, егуге рұқ­сатты дұрыс анықтау, вакцина салынған соң им­мундаудан кейінгі қолайсыз көріністер бойынша медицина қызметкерлерінің білімін бағалауды жүзеге асыруы тиіс» делінген әдістемелік ұсы­нымда.

Иә, талап қатаюда. Енді бас санитардың қаулысын орындау баршаға міндет болып тұр. Ең бастысы, вакцинаны толық алып, өз жұмысыңа кедергі келтірмеу. Бұл сақтық шараларына ден қою деген сөз. Жалпы санитарлық талаптарды қатаң қадағалап, өз денсаулығымызға өзіміз жауапты болуымыз керек. Бұл – уақыт талабы.

Ж. ЖАЗКЕН


22 қазан 2021 ж. 221 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930