АЛМА қаназдықтан арылтады
Алма – жыл таңдамайтын жемістің бір түрі. Қай кезде де дүкен сөрелерінен табылатын бұл жемістің адам ағзасына берері көп-ақ. Өйткені алманың құрамынан барлық дәрумендер мен калий, кальция, марганец, темір секілді минералдық заттарды да табасыз. Көп адам алманың қабығынсыз жегенді ұнатады. Бірақ нағыз дәрумендер алманың қабығында екенін ескеру керек. Алманың қабығын көптеген емдік шараларға қолдануға да болады.
Суықтаған кезде алма қабығының көмегіне жүгініңіз. Ол үшін 1 ас қасық ұсақталып туралған алма қабығына 1 стақан қайнаған су құйып, бетін жауып қоясыз. Бір сағатқа жуық уақыт өткен соң тұнбаны сүзіп алып, қолдана берсеңіз болады. Емді әр жарты сағат сайын, күніне екі рет жасайсыз. Үш күн үздіксіз осылай қайталасаңыз, жөтелден арылуға болады екен. Алма қабығының әсерінен арылуға болатын тағы бір ауру – буынның сырқырауы. Ұсақталып туралған 3 ас қасық алма қабығын 500 мл қайнаған суға салып, тұндырамыз. Дайын болғанда сүзіп алып, 3-ке бөліп ішесіз. Бұл шай буын аурулары мен денедегі жиналған тұзды ыдыратуға көмектеседі.
Ел арасында алманы қаназдықтан айығуға қолданып жатады. Бұл емде алма таптырмас дәрумендерге бай болып табылады. Оның құрамындағы темір әлсіздікті жоюға және адам ағзасындағы белсенділікті арттыруға жол ашады. Мәселен, көк алманы қабығымен ұсақтап турап, кеңдей ыдысқа саласыз. Оған асқабақты да турап, үстіне 15 стақан су құйып, отта қайнатасыз. Дайын болғанда суытып қоясыз да, ересектерге, балаларға да ем ретінде қолдана бересіз.
Қаназдықты емдеудің тағы бір әдісі айтылған. Бұл емдік шарада 1 дана алманың қабығын эмаль немесе шыны ыдысқа салып, оған салқын су құйып, отқа қоясыз. Бір қайнап шыққан соң отын бәсеңдетіп, қақпағын қиғаштап жабыңыз. Шамамен 5 минуттай қайнаған соң ыдысты оттан алып, бетін жауып қоясыз. Бөлме температурасында жылыған кезде қайнатпаны сүзіп, басқа ыдысқа құйыңыз. Ем үшін бірдей көлемде алма шайы мен лимон немесе апельсин шырынын араластырасыз. Оған татымына қарай бал қосып, ішіңіз. Бұл сусын ағзаны қаназдықтан құтқаратын С дәруменіне бай. Жалпы алманы және оның қабығын бұдан басқа да адамды мазалаған ауру түрлеріне қарсы қолдануға болады. Ұйқысыздық басса да, ішектің жұмысы нашарласа да аталған жеміс көмекке келе алады. Ең бастысы емдік қоспаны дайындарда мөлшеріне және сақтық шараларына мұқият болған жөн.
Нұр НАУАН