2022 жылы Қазақстанда балаларға берілетін жәрдемақы көлемі қанша болады?
2022 жылы Қазақстанда балаларға берілетін жәрдемақы көлемі қандай болатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі есептік көрсеткіштің шамасын 5% индекстейді.
Бұл бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені құрайды. Айлық есептік көрсеткіш көлемі 3 063 теңге.
Сонымен қатар жалақының ең төменгі мөлшері 60 000 теңгеге дейін өседі. Осының бәрі зейнетақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келеді.
2022 жылы бір жасқа дейінгі бала күтімі және көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемдері мынадай болады.
Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері:
Бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК немесе 116 394 теңге;
Төртінші және одан да көп балаларға - 63 АЕК немесе 192 969 теңге.
Сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы бала күтімін жүзеге асыратын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын жұмыс істемейтін әйелдер мен ер азаматтарға тағайындалады.
Жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақының мөлшері:
Бірінші балаға - 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге;
Екінші балаға - 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге;
Үшінші балаға - 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге;
Төртінші және одан жоғары - 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге.
Бұған дейін біз 2022 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін көмек туралы жазған болатынбыз. Көп балалы аналарға төленетін төлемдер туралы мына жерден оқи аласыз.