"Қазақстан халқына" қорына қанша қаражат түскені белгілі болды
"Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 16-27 қаңтар аралығында қазақстандықтардан қанша ақша түскені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған Қазақстан халқына, ірі кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарына алғысын білдірді.
"2022 жылдың 16 қаңтары мен 27 қаңтары аралығында қорға 52 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Қорда жылына кемінде 100 миллиард теңге көлемінде қаражат жинақталады деп жоспарлануда. Біздің шетелдік және халықаралық компаниялардан қаражат жинауды көздеп отырмыз", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ қор басшылығы алынған барлық қаржы ресурстарының толық ашықтығы мен есеп беруі қамтамасыз етілетініне сендірді және бұл қаражат қазақстандықтардың игілігіне, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, мәдениет және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталатынын айтты.
Еске салайық, 11 қаңтарда мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерді шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын.