ҚЫЗЫЛОРДА ҚАУІПСІЗ АЙМАҚТАР ҚАТАРЫНДА
Газетіміздің өткен санында көңілді бір серпілткен жақсы хабарды жариялап, індеттің әсерінен болған келеңсіздіктерге шолу жасаған едік. Онда біз «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өткен облысымыздың карантиндік талаптарды сақтауда өте қатаң әрі жүйелі жұмыс істегенін байқауға болатынын, Сыр халқының да бұл көрсеткіште үлесі барын және қауіптің шеңберінен ортақ тәртіпке бағыну арқылы шыға білген аймақ жұртшылығының ұжымдық иммунитет қалыптастыруда да белсенділік танытқанын тілге тиек еттік. Енді міне, көптің тілеуімен қауіпсіз аймақтардың сапынан табылдық.
Өткен аптадағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланысымен «сары» аймақтағы Сыр елінің «жасыл» аймақтар қатарынан сап түзегенін көрдік. Ал тиісінше «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, «сары» аймақта Шымкент қаласы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары болса, «жасыл» аймақта Қызылорда мен Түркістан облысы тұр. “Жақсылықты айтсаң, көбейеді” демекші, көптен бері қауіпті өңірлердің қатарынан орын алып келген аймағымыз «жасыл» аймаққа қайта енді, енді олардың қатары әлі де толықсын дейміз.
Ресми ақпарат көздері індет жұқтырғандар санының азайып, Сыр еліндегі ахуалдың қайта тұрақтана бастағанын мәлімдеді. Бұл дегеніңіз, осы қалыптан таймасақ, Қызылордадағы індеттің таралуы бәсеңдеп, тіпті толастауы да мүмкін деген сөз. Бірақ «қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесетінін» естен шығармайық. Бұған дейін де облыс көлемінде вирус жұқтырғандар санының артқаны анықталса, енді есептік көрсеткіш бойынша аймақтағы коронавирус жұқтырғандардың саны төмендеген. Өткен тәуліктің өзінде жүзден аса науқас індеттен айығып, отбасына аман-есен оралған. Ал аудандағы стационарда 9 науқас ем қабылдап жатыр, оның біреуі – бала. Тіркелген науқастар санының азаюының да себебі бар. Әсіресе ақ халаттылардың жанайқайына құлақ түріп, вирусқа қарсы вакцина қабылдаған адамдардың үлесін айта кету керек.
Бірақ дәрігерлер қауымы әлі күнге дейін індетке қарсы бірден-бір күш ол вакцина екенін айтуда. Осы тұста «Лезде қалай «жасыл» аймаққа ендік?» деген сұраққа да жауап іздеп көру керек секілді. Бұған дейін қаншама жан дертпен арпалысып, ауыр күндерді бастан кешті. Кейбірі өмірімен қоштасты. Көптеген шаңырақ індеттің таралуынан жақынынан айырылып, қара жамылды. Осындай қайғылы жағдайды болдырмау үшін ел ішінде ревакцинациялау жұмыстары басталды. Мерзімі келіп тұрған тұрғындар қайтадан екпе қабылдап, иммунитетін қалыпқа келтіріп алуы керек. Бүгінгі таңда ауданда екпе қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған дейін өңір бойынша үш мыңға жуық адам ревакцина қабылдаған. Тұрғындарды ревакцинациялау әлі де жалғасын табады.
Медицина мамандары қанша жерден қауіпсіз аймаққа өткенімізбен, сақтанудың артықтық етпейтінін айтады. Өйткені қауіп әлі сейілген жоқ. Әлі де дертті жұқтырғандар бар арамызда. Жазылып шықпаған науқастар да тізімде тұр. Тексеріліп жатқан, індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды да еске саламыз. Мәселен, вирус жұқтырғандардың көбісіне басты себеп карантиндік тәртіпті сақтамай, қауіпсіздік шараларын қабылдамағанынан болуы мүмкін. Өйткені бұл дерттен аман болудың ең басты жолы вакцина болса, тиісінше денсаулыққа мән беру, медициналық бетперде кию мен қолдың тазалығы және көпшіліктен оқшауланудың да пайдасы мол. Өткен тәуліктің өзінде Қазақстан бойынша төрт мыңға жуық індет жұқтырған науқас тіркелсе, біздің облыстағы көрсеткіш жиырмадан жуық адамды құрап отыр. Демек, «қауіпсіз аймақтамыз» деп, тым еркінсуге әлі ерте. Дүниежүзінде дөңгелеп жүріп дүрбелең туғызған тәжтажалдың құрығы қысқарғанымен, өзі жойылмағанын ескерейік.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ