ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Оқушылар арасында құтқарушылар жұмысын жандандыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Қызылорда қаласындағы «Абылай хан» колледжінің спорт залында облыстық «Жас құтқарушы» атты сайыс өтті. Жарысқа Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан «Жас құтқарушылар» командасы қатысып, өзара шеберлік байқасты. 4 кезең бойынша сынға түскен құтқарушылар «Өрт сөндіру құралдары» тақырыбында сұрақ жауап сайысында және құтқару арқанын байлау тәртібі бөлімінде өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Ал, жауынгерлік қанат жаю мен жауынгерлік киімді аз уақыт ішінде киюде де белсенділік танытты.
Нәтижесінде, «Жалағаш жастары» құтқарушылар командасы бас жүлдеге лайық деп танылды. Кент орталығындағы №201 мектеп-лицейдің оқушыларынан құралған топ 4 кезеңде де өздерінің шеберлігін байқатты.
Шара соңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары А.Төлешев қатысушыларды алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
С.КҮЗЕМБАЕВ,
аудандық ТЖД бөлімінің инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты.