ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты дөңгелек үстел өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жас мамандар мен «Жас Отан» ЖҚ мүшелері және колледж студенттері қатысты.
Шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында мағыналы әңгіме өрбітті.
Жасыратыны жоқ, жемқорлықпен күрес бүгінде маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі мұндай әрекеттің қоғамда көрініс табуы ел дамуын бәсеңдетіп қана қоймай, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің оңтайлы жүргізілуіне кедергі келтіруде. Өкінішке орай, әлі де болса көз қысты, бармақ бастылық тыйылмай тұр. Десе де, жемқорлықпен ел болып күрессек, бұл дертті ауыздықтауға болады. Мұны айтқан Қ.Мұстафаева жастарды жемқорлыққа қарсы тұруға шақырды. Сондай-ақ, шара барысында отбасылық тәрбие, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтар және жүктелген қызметті жауапкершілікпен атқару жайы да сөз болды.
Сонымен бірге, еліміз бойынша бұл індеттің құрығына ілінгендер жайлы бейне-сюжет көрсетілді. Сюжетте жемқорлық дерегі бойынша айыпталған экс-министрлерден бастап, қарапайым мемлекеттік қызметшілер де жүр. Олар өз өкініштерін темір тордың арғы жағында отырып жеткізді. Міне, осыны экран арқылы көрген жастар қоғамың басты дертіне айналған сыбайлас-жемқорлыққа қарсы екендерін жеткізіп, егер де мұндай деректер орын алған жағдайда да үнсіз қарап отырмайтындықтарын ашып айтты.
– Бұл шара бұрынғыдан өзгеше. Себебі, басқосуда әдеттегідей жаттанды баяндама емес, жүрекке жетер ой-пікірлер айтылды. Жалпы, біздің түсінгеніміз бұл індеттің құрығына ілінгендер түбі заң алдында жауап береді. Мұны бейне-сюжеттен көріп, байқадық. Қоғамда жемқорлықты болдырмау және оның алдын-алуға біз де өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – дейді шараға қатысушылар.
Мұнан соң, аудан жастарының қара шаңырағына айналған «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүләйім Мәлік Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен іске асқан «Жастар корпусын дамыту» жобасымен таныстырды.
«Жастар корпусын дамыту» жобасы ең алдымен тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі аз немесе жұмысы бар бірақ айлық жалақысы мардымсыз жастарға қолдау көрсетеді. Пилоттық бағдарлама арқылы жоба қатысушысына 1 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі. Тіпті, арнайы шәкіртақысы бар.
– Жастар 3-5-тен топтасып, әлеуметтік жоба әзірлеп, оны конкурстық комиссияға ұсынады. Жүргізілген іріктеу нәтижесінде жастар айлық курстарға жіберіледі. Курс соңында әлеуметтік жобаларды одан әрі дамыту үшін гранттар беріледі. Ең жоғары грант сомасы 1 млн теңге. Жалпы, жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ең басты басымдылық оқымайтын және жұмыс істемейтін, жұмысы болса да, жалақысы төмен жастарға беріледі, – дейді Г.Мәлік.
Айта кетейік, жобаға қатысушылар өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқару бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтіп, 6 ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады. Өңірде жобалық өтінімді ұсыну 20 мамыр мен 20 маусым аралығында жүргізілмек.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.