Петропавл-Қызылорда бағытындағы пойыз жолаушылары айдалада 9 сағат бойы ас-сусыз қалған
Жамбыл облысында пойыз апаты болған жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Темір жолдағылар жол жүру кестесі реттелді дегенімен, алдыңғы күні Петропавл-Қызылорда бағытындағы пойыздың жолаушылары айдалада 9 сағат бойы ас-сусыз қалған. Тіпті кейбіріне дәрігерлердің көмегі қажет болыпты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Жолаушылардың сөзінше, жүрдек пойыз Шу стансасына жетпей, даладағы шағын аялдау пунктіне тоқтаған.«Жағдай жасалмаған, бәрі нашар. Су жоқ. Алайда олар бар екенін айтқан. Дәретхана лас, ал вагонда ауа жоқ. Салқындатқыш жұмыс істемейді. Сонымен қатар пойызда электр қуаты жоқ. Тіпті, мұнда су алатын құдық та жоқ. 3 үй ғана бар», – дейді жолаушы Наталья Иванушкина.
Жолаушыларға қараңғыда стансада 9 сағат бойы амалдай тұруға тура келді. Оларды не тамақпен, не сумен қамтамасыз етпеген. Пойыздың мұншалықты ұзақ уақыт тоқтап тұруының себептерінің бірі – Астана-Алматы пойызы апатқа ұшыраған жерде жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы. Алайда мұны жолаушыларға түсіндірмеген.
«Олар бізге жөндеу жұмыстары жөнінде ескертсе болады ғой. Біз су, тамақты артығымен алып қоятын едік. Бұл жерден жылдам әзірленетін кеспе мен су сатып алдық. Кеспенің бір қаптамасы 300 теңге, ал судың бір бөтелкесін 500 теңгеден алдық. Пойызды тоқтатып, айдалада қалдырды. Ешқандай жағдай жасалмаған», – дейді жолаушы Сергей Кисилев.
Ал вагондағы мейрамханада ас-суға деген нағыз күрес басталды. Мұндағы кәсіпкерлер де жағдайды пайдаланып, азық-түлік бағасын бірнеше есе өсіріп жіберген.
Сондай-ақ, вагондардың ішін қапырық болғандықтан, адамдар есінен тана бастады. Көпшілігіне дәрігерлердің көмегі қажет болғанымен, жедел жәрдемі ұзақ күтуге тура келген.
«Біз барлығына хабарласып, 6 сағаттан аса тұрғанымызды айттық. Бізде су да, тамақ та жоқ екенін хабарладық. Ешкімнен ешқандай жауап болған жоқ. Стансаға да, компания басшылығына да қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдік. Бірақ ешкім келмеді», – дейді пойыз бригадирі Нұрлан Тасболатов.
Белгілісі, аталған бағыттағы пойыз «ARLAN-TRANS-ASTANA» ЖШС-ға тиесілі. Тасымалдаушымен хабарласып, мән-жайды анықтау мүмкін болмады.
Ал жүрдек пойыз 8 сағаттан аса уақыт өткеннен кейін әйтеуір қозғалысын бастады. Өз кезегінде жолаушылардың дені мұндай жағдайда қалдырғандары үшін өтемақы талап ететінін айтты.
Пікір 1