Студент донор іздеудің цифрлық жүйесін жасап шығарды
Алматыда Future-форум «Жаңа толқын 100+» стартап байқауының жеңімпаздары анықталды. 4 жас стартапердің жобасы инвесторлар тарапынан қаржыландырылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның ішінде Барби үйінің қазақы баламасы экологиялық таза материалдардан жасалған құрама киіз үй, қарағандылықтар ұсынған «Workapp» электронды ПИК жобасы, астаналық студенттің барлық донорлық процесті автоматтандыруға бағытталған «Donormyn» жүйесі, петропавлдық студенттер ойлап тапқан «Новая дорога» жобасы жақын арада жүзеге асырылатын болады. «Donormyn» жобасының авторы Астана медициналық университетінің студенті Рузи Шихов.
Ерікті донорлардың саны әлемдік стандартқа сай болмағандықтан, қан тапшылығы өзекті проблема болып тұр. Цифрлық жүйе осы проблеманы толығымен шешпек. «Мен Қызыл Жарты Ай қоғамында ерікті болып жұмыс істеп жүрген кезде осындай идея туған болатын. Басында тек мобильді қосымша түрінде жасау ойда болды. Кейінірек Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы елдерінің (ЭЫДҰ) тәжірибесін талдай келе жобаны кеңейтуді жөн көрдік. Әлемдік стандарт бойынша елдегі біртұтас қан қызметі жасалады. Оған әлеуметтік желілер де тіркеледі. Арнайы сайт ашылады. Біздің мақсатымыз да қан тапшылығын жою үшін мемлекетке көмектесу. Ресейлік Donor Search тек қана әлеуметтік желімен жұмыс жасайды. Біздің жүйеде донор іздеу, қан тапсыру процесі түгел автоматтандырылған. Қазақстанда бұл жобаның баламасы жоқ», - деді Рузи Шихов.
Аталған байқауға өңірлерден 300-ге жуық идеядан 100 шақты өтінім түсті. Олардың 50-і іріктеліп алынды. 30 жоба өңірлерден болса, қалған 20-25 жоба - Алматы облысына тиесілі. Оның ішінен 13 мықты жоба инвесторлар назарына ұсынылды. «Жастар - әлеуметтік инновациялық идеялардың тасымалдаушысы. Олар білім мен прагматизмге, бәсекеге қабілеттілікке арқа сүйейді. Сондықтан, биыл наурызда ҚХА жанынан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы дүниеге келді. Қозғалыстың платформасында жаңа қоғамдық сана-сезімді қалыптастырудың, рухани жаңғырудың міндеттері айқындалып отыр. ҚХА 26-сессиясында Елбасы жастардың қозғалысы жастарды рухани жаңғырудың айналасында шоғырландыруы тиістігін айтқан болатын. Сонымен қатар, жастардың өзекті стартап жобаларын қолдаудың маңыздылығын айтты.
«Жаңа толқын 100+» форумы аталған міндетті орындаудың негізгі қадамы десек болады»,- деді ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко. Жастардың жобасын республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, кәсіпкерлер, сарапшылар бағалады. Леонид Прокопенко Ассамблея тарапынан барлық финалистердің жобаларына мемлекеттік қолдау тетіктерін тартуға барынша күш салынатынын айтты.
inform.kz