» » ОҚО-лық жігіт күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген

ОҚО-лық жігіт күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген


ОҚО, Төле би ауданында тұратын Бақыт Кенжебаев күркетауық бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол 23 жасында “Гелендваген” көлігіп сатып алып, оны да кәсіпке айналдырған.


“1992 жылы дүниеге келдім. Балалардың арасында кенжесі болғаннан ба, еркелеп еркін өстім. Үйімізде білімге деген тәртіп қатал болды. Сабақты оқымай бару өліммен тең болды”, -дейді ол.
Бақыт колледжде басқару мамандығын аяқтап, ол бойынша жұмысқа тұра алмаған.
“Дипломды алып ауылыма кеттім. Неде болса нәтиже шығарамын деп. Бала күннен үндік баққаным бар еді, соны қолға алдым”, – деп Бақыт кәсібінің неден басталғанын айтты.




Бала кезіндегі ісі үлкен бизнеске апаратынын білмеген ол алғашқыда 6 күркетауықпен бастаған. Жақсы бапталғандықтан 2-3 жылда құстары 200-ге дейін көбейді. Сосын, оларды шетінен сойып, сатып, ақша таба бастады. Осылайша, Бақыт 20 жасында  миллион теңгеден астам пайда тапты. Көп ұзамай табысы еселеніп, 3,5 миллион теңгеге «Gelandewagen» көлігін сатып алады. Ондағы ойы мақтаныш етіп мініп жүру емес, оны да табыс көзіне айналдыру болды. Көлігімен жас жұбайларды тойдың алдында серуендетіп, бұл кәсіппен де айналысып көрді.



Бақыттың айтуынша, жеңіл жолмен табылған ақша, оңай жұмсалады. Ол құс өсірудің қиындығы туралы да айтты.
“Қиындығы сол балапан кезі.  Бір айдай жетілдіру қиындық тудырады. Одан кейін оңай. Оңайлығы таңертең ерте 1-2 сағат жайылады. Түс уақытысында демалып, кешке тағы жайылады”, – дейді кәсіпкер.
Бақыт қолы босай қалса шағын кәсібін дамыту жолдарын қарастырады. Және де,  кәсіпкерлік, мектебіндегі «Бизнес бастауы»  сабағына да  қатысып жүр.
Күркетауық етін үзбей сатып алатын Бақыттың өз тұтынушылары бар. Қаласа көздерінше бауыздап, тазалап береді. Жас кәсіпкер енді іскерлік байланыстардың аясын кеңейтіп, өнімін еліміздің өзге де аймақтарына  сатпақшы. Қазір оның 700 бас күркетауығы бар.
“Құс бағамын деуші адамдарға тегін ақыл-кеңесімді айтамын. Адам жасағанды, адам жасайды. Сіздердің де қолдарыныздан келеді. Әрбір қазақ жалғызым”, дейді жас кәсіпкер Бақыт Кенжебаев.

 Stan.kz
16 қаңтар 2018 ж. 1 522 0