WI-FI ЖЫЛДАМ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҮШІН...
Үйдегі Wi-Fi желісі дұрыс істемей, көріп отырған видеоңыз тоқтап қалып, жүйкені құртатын кездер жиі кездеседі. Осындайда қызметін ұсынып отырған байланыс операторын ішімізден бір сыбап алатынымыз жасырын емес. Байланыс операторларының дұрыс қызмет көрсете алмауы, интернетіңіздің баяу жұмыс істеуінің бір себебі екендігі даусыз. Десе де сіздің Wi-Fi таратып тұрған құрылғымен салыстырғандағы кординатаңыз да интернет жылдамдығына кері әсерін тигізеді. Шын мәнінде WiFi қабылдап тұрған құрылғыңызды (смартфон, планшет, ноутбук) бірнеше сантиметрге жылжытып қойсаңыз да оң нәтиже беруі мүмкін.
Жақында Лондон Университеті Imperial институтының оқытушысы Джейсон Коул (Jason Cole) физика заңдылықтарын негізге ала отырып Wi-Fi модемдерді қай орынға қойғанда нәтижесі ең жақсы болатынын жазды. Ол Wi-Fi электромагниттік толқындарының үй ішінде таралу картасын сызып шыққан. Оның бұл картасында үйдің әр бөлмесіндегі Wi-Fi толқындары күшті-әлсіздігі анық бейнеленген. Барлығымыз білетін бір заңдылық, Wi-Fi толқындары ешқандай кедергі жоқ аумақта жақсы таралады.
Дегенмен үй ішінде Wi-Fi толқындары мүлдем нашарлап кететін аумақтар көптеп кездеседі, суретте көрсетілген қара түстер байланыс өте нашар аумақты білдіреді. Оған себеп ол жерде «Толқынның тоқырауы» (standing wave) құбылысы пайда болады, бұл құбылыс құрылғыдан таралған WiFi сигналдарымен, кедергіге соғылып қайтқан Wi-Fi сигналдары қабаттасқан кезде пайда болады. Әдеттегі жағдайда әр бірнеше сантиметр сайын осындай қара нүктелер пайда болып отырады.
Джейсон мырза осы ақпаратты жариялағаннан кейін көптеген адамдар оған хат жазып, өз үйінің WiFi картасын қалай сызу жайын сұраған. Осы өтініштерден шабыт алған Джейсон Коул, андройдқа арналған бір қосымша жасап шығыпты. Бұл қосымша Wi-Fi Solver FDTD деп аталады, оның көмегімен үйдің қай бұрышында Wi-Fi сигналы жақсы таралатындығын анықтауға болады.
syr-media.kz