Сабын туралы не білесіз?
Сабынды күнделікті қолданамыз, тіпті әр таңымыз сабынмен жуынудан басталады. Алайда осы тазартқыш құрал туралы аз білеміз. Назарыңызға сабын туралы қызықты деректерді ұсынамыз.
Ағылшынша “soap” – сабын сөзі ежелгі Римдік Сапо тауының атауынан шыққан деп есептеледі. Бұл таудың аяқ жағында құдайларға құрбандықтар жасалатын болған. Жануарларды өртегеннен соң шыққан күл мен май жаңбыр суымен жуылып, Тибр өзеніне ағып кететін болған. Адамдар судың көбіктеніп, аталған тауда кірдің әлдеқайда жақсы жуылатынын байқаған.
Әлемдегі ең қымбат сабынды Plank компаниясы шығарады. Бұл «Кор» деп аталатын сабынның 1 килограмының бағасы мың доллардан асады. Құрамына таза жібек талшықтарынан жасалған желім – серицин, крабтардың қабығынан жасалған – хитозан, түрлі коллагендер және тіпті күміс қосылады.
Орта ғасырларда сабын алтынға бағаланып, барлығына қолжетімді болмады. Тіпті Испания патшайымы Изабелла Кастильская сабынды небәрі екі рет – туған күнінде және тұрмысқа шығар алдында қолданғанын мойындаған.
XI ғасырда өмір сүрген атақты араб дәрігері Ибн Синаның өзі сабынмен тек жұқпалы аурумен ауыратын адамдарды ғана жуындыруға кеңес берген. Ал дені сау адамдарға ол табиғи балшықты ұсынған.
Парсы химигі Әл-Рази ежелгі сабын дайындау рецептерін жинастырып, толық қолжазба жазып шыққан. Бұл қолжазба XIII ғасырда табылды. Қолжазбада сабын дайындаудың ежелгі рецептері сақталған. Мысалы, күнжіт майын алып оны сумен, әк шырынымен және сілтімен араластырып өртесе сабын пайда болады.
Ресейде сабын өндіруді Петр I негіздеген, бірақ шамамен XIX ғасырдың ортасына дейін сабын тек атақты тұрғындарға ғана берілді. Шаруалар су мен күлден тұратын сұйықтықты пайдаланды.
Ірімшік пен шарап сияқты сабын да неғұрлым ұзақ сақталса, соғұрлым сапасы жақсара түседі. Ұзақ сақталған сабын жақсы көпіреді, теріге өте жұмсақ, және аз тітіркендіргіш қасиетке ие.
Испанияның Санта-Крус-де-ла-Сальседа кентінің сабын жасаушылары ұзындығы 9 м 42 см сабынды жасап шыққан. Сабын хош иістер мұражайының құрметіне мұрын пішінінде жасалып, 2013 жылы жұртшылыққа ұсынылды. Сондай-ақ бұл алып сабын Гиннес рекордтар кітабына енді.
Әлем иллюзионистері сабын көпіршігіне қанша адам сыйады деп әлі де жарысып келеді. Алайда әлемдік рекорд Вьетнамдық иллюзионист Фан Ханға тиесілі. Ол сабын көпіршігіне 181 адамды сыйғыза алған.
Ағылшын зейнеткері Кэрол Воун 1991 жылдан бері сабынды жинап келеді. Оның жинағында сабынның әлемнің барлық дерлік елдерінен үлгілері бар. Қазіргі таңда оның жинаған сабындарының саны 5000-нан асады.
АҚШ-тың Флорида штатының тұрғыны – Темпест Хендерсон сабын жейді екен. 19 жасар бойжеткен аптасына 5 дана сабынды асқазанына жөнелтетін көрінеді. «Мен сабын жегенді ұнатамын, ол маған есірткі сияқты»,-дейді Темпест. Дәрігерлер бұл құмарлықтың жақсылыққа бастамайтынын ескертеді.
Аударған: Еңлік Сақтан
https://baribar.kz