Үшқоңыр келбеті елордада
Ұлттық музейде Астананың 20 жылдық мерейтойы шеңберінде «Үшқоңыр» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде Елбасының «Үшқоңыр» атты қанатты сөздер жинағына кірген суретшілердің туындылары көрсетілді.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Тұңғыш Президент күні қарсаңында жарыққа шыққан, қазақстандық суретшілердің еңбектерімен безендірілген «Үшқоңыр» атты қанатты сөздер жинағына Елбасының жүрекжарды тебіреністері мен туған жеріне деген ыстық махаббаты жайлы қанатты сөздері топтастырылған.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Марал Балтышев: «Бұл көрмеде Елбасының балалық шағынан бастап, мемлекет қайраткеріне дейінгі қалыптасу жолымен қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы таныса аласыздар. Елбасымыздың барлық өмір жолы – егемен еліміздің өркендеп өсуіне қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз бен Тәуелсіз Қазақстан. Мемлекет басшысы Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңде еркіндік пен Тәуелсіздікті аңсаған халықтың асыл арманын орындады. Бүгінгі көрме Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арман-аңсарын, мақсат-мүддесін айқын көрсетеді деп ойлаймын», деді. «Үшқоңыр» көрмесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған өлкесі Үшқоңыр елді мекеніне арналған.
Елбасы өзінің әрбір Жолдауларында, әңгімелерінде, Үшқоңыр жайлы кітаптарында Отан жайлы сыр шерте келе, ата-баба жерінің рухани қолдаушы ретінде қалай желеп-жебеп жүретіндігін қайталаудан жалыққан емес. «Золотая книга» баспа үйінің бас редакторы Вячеслав Титенев: «Үшқоңыр» жинағы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба. Бұл кітап арқылы Елбасының туған жеріне деген махаббатын көрсеткіміз келді. Әр адамның туған жері – оның ыстық мекені.
Қарапайым отбасында, қазақ ауылында тәрбиеленген ауыл баласынан Мемлекет басшысы қалай қалыптасқанын суреттер арқылы насихаттағымыз келді. Елбасының естеліктерін суретпен бейнелеп бердік», деп «Үшқоңыр» кітабы туралы айтып өтті. Көрмеге Б.Армат, А.Чунчалинов, Х.Қиқимов, Ж.Абдраман, Б.Нұрмағанбетов, В.Слабоспицкая, Т.Байғалиев, Қазақстан Ұлттық музейі қорынан Ә.Қастеев, С.Айтбаевтың және т.б. суретшілердің туындылары қойылған.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»